Социум

Оңтүстік Корея импичменттен кейін жаңа президент сайлауын өткізгелі жатыр

Осы жылдың 3 маусымында Оңтүстік Кореяда президент сайлауы өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жаңа мемлекет басшысы экс-президент Юн Сок Ёльдің импичментінен кейін 60 күннен соң таңдалады, деп хабарлайды Yonhap.

Агенттік мәліметі бойынша, президенттің міндетін атқарушы Хан Док Су сейсенбіде үкімет отырысында сайлау науқанының кестесін бекітеді.

Өткен жұмада Конституция соты Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізу жөніндегі сәтсіз әрекеті үшін қызметінен босатқан болатын.

ИМПИЧМЕНТ

Конституция соты Оңтүстік Корея парламентінің президентті қызметінен шеттету жөніндегі өтінішін өткен аптада мақұлдаған еді. Бұл шешім Юн Сок Ёльдің мемлекет басшысы лауазымынан түпкілікті кететінін білдіреді. Үкім парламенттің импичмент туралы ұсыныс енгізгенінен 111 күн өткен соң және сот тыңдалымдары аяқталғаннан кейін 38 күн өткенде шығарылды. Бұл – ел тарихындағы осындай істер бойынша ең ұзақ қаралған процес. Мысалы, 2016 жылы бұрынғы президент Пак Кын Хенің импичментіне қатысты соңғы шешім сот отырыстары аяқталғаннан кейін 11 күннен соң қабылданса, 2004 жылы президент Но Му Хёнға қатысты шешімге 14 күн қажет болған еді. Осылайша, Юн Сок Ёль – импичмент арқылы қызметінен кеткен Пак Кын Хеден кейінгі екінші Оңтүстік Корея президенті атанды.

Енді Оңтүстік Кореяда кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Жаңа мемлекет басшысы алпыс күн ішінде, яғни 3 маусымға дейін сайлануы тиіс. Сол уақытқа дейін ел президентінің міндетін премьер-министр Хан Док Су атқарады.

Другие новости

Back to top button