Әлеуметтік желіде жарияланған Салтанат Нүкенованы қаралаған жазба көпшіліктің ашуын туғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Асар-Үме» атты қайырымдылық қордың еріктісі Елжас Шора тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан Салтанат Нүкенованы «клубтарда мас болып жүрген, күйеуін өзін өлтіруге итермелеген» деп қаралап, басы дауға қалды.
«Өкінішке қарай, арақ-шарап ішетін, темекі шегетін әйел кісілер бар. Клубта істейтін таныс жігіт Салтанат министрдің әйелі бола тұра қысқа көйлек киіп, мас болып, клубтарда жүретін дейді. Аллаһ кешірсін, қатты айтсам, ақиқатты айту керек. Әрине бұл ажал. Осы өлімге күйеуін итермелеген Салтанаттың өзі деп ойлаймын… Салтанаттың жағдайы барша әйелге сабақ болсын», — деп жазған ол.
Қазақстандық азамат осы жазбасымен «әйелдерді ақылды болуға» шақырыпты-мыс.
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді бұл жазбаны қатты сынады. Ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен Асар-Уме қайырымдылық қорына тексеріс жүргізуді сұраған. Желі қолданушылары Айтбек Амангендіні қолдап, оның жазбасын бөлісіп жатыр.
Еске салсақ, қоғамды дүр сілкіндірген қанды оқиға — Салтанат Нүкенованың өліміне жақында тура бір жыл толды. Ал биыл 13 мамырда бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған болатын.