Госорганы

«Ол шартты түрде сотталған»: Алматы облысында студенттің өліміне қатысы бар күдікті ұсталды

Оқиға Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қазақстан ауылында болған

Алматы облысында 2-курста оқып жүрген студенттің өліміне қатысы бар күдікті ұсталды. Қанды оқиға Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қазақстан ауылында болған. 19 жастағы Дияс Ержанұлын бір топ адамның көзінше пышақтап тастаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Күдіктінің қасындағы серіктесі жарақат алған студентке өзгелердің жәрдемдесуіне мүмкіндік бермей, қарумен қорқытып, қуалаған. Жүрек тұсына бірнеше рет сұғылған пышақ жарақатынан жас жігіт оқиға орнында тіл тартпай кетті. Студент – көпбалалы отбасының үлкені, әрі асыраушысы, өзінен кейінгі іні-қарындастарына қамқоршы болған. Жәбірленушілердің сөзінше, күдікті өзге өңірдің адамы болса да Қазақстан аулына келіп, жас жігіттерге күш көрсетіп жүрген.

«Өзім – тоғыз баланың анасымын. Ер жетіп, болашағынан үміт күткен, бәрімізге қамқоршы болған тұңғышым Алматыдағы Спорт және туризм академиясында грантта оқып жүрді. Жазда ауылға да келмей, жұмыс істеп, үйдегі кішкентай іні-қарындастарына киім алып берді. Ең кішкентайым небәрі 1,5 жаста ғана. Күйеуімнің денсаулығы нашар, ал тұңғышым бәріміздің қамқоршымыз еді. Демалыс күні үйге келгенде Пазылжан Жігер Талғатұлы баламды пышақтап өлтірді. Ол осы ауылда Ержан дегеннің үйінде 10 күндей тұрған. Екеуі өздерінен жасы кіші балалармен ерегесіп жүрген. Балам өзінің үш құрдасымен тұрғанда пышақтап тастаған. Ұлымның қасындағы өзге жолдастарын да қуалап, пышақтамақ болған», — деді ұлын жоқтаған Эльвира Рахымбаева.

40 жасында 9 баланың анасы атанған Эльвираның сүйенері де, сенері де ер жеткен ұлы еді. Кісі қолынан жазықсыз жантәсілім еткен жас жігітті кеше ауыл жұрты жер қойнына тапсырды. Жанжал ауылдың стадионында туындаған. Қапыда ұлынан айырылған жас ана аудандық полиция тергеушілерінің әрекетіне де сенбейді. Айтуынша, ұлының қанжоса болған киімдері әлі үйде тұр. Ал тергеушілер оқиға орнындағы дәлел зат саналатын киімдерді тіптен сараптамаға да жібермеген.

«Тергеуші Баубек Ахметов дегеннің әрекетіне сенбеймін. Себебі күдіктінің адам өлтіргенін көріп, біле тұра, оны үйіне жеткізіп салған Есжан Бақасов деген де бостандықта жүр. Ол бұрын бірнеше рет істі болған Жігер Пазылжанды үйіне тұрғызып, қасына алып жүрген. Бұл Пазылжан қылмыс жасағаны үшін бұрын да сотты болған. Ол шартты түрде сотталған. Қылмыс жасаған адамды бостандыққа жібермей, қамауға алғанда мұндай жағдай болмас еді. Ал Әділжан Ғазиз Қайратұлы балама көмекке ұмтылған жолдастарын пышақпен қуып жүрген. Қырғыз нөмірлі машинамен жүрген үшеуі ойларына келгенін жасаған. Ауданда, ауылда заң жоқ, тәртіп жоқ, бұзақыларды қадағалап, тәртіп орнататын полиция да жоқ. Құр «есеп» үшін жүрген адамдар.

Ауылда жігіттер пышақпен жүреді. Оны бақылауға алып, тәртіп орнатпаса, мұндай қылмыс тоқтамайды. Тергеушінің бізбен сөйлесуге ойы, ниеті жоқ, зарымызды тыңдағысы да келмейді. Немқұрайды қарайды. Бұл бұра тартудың белгісі. Әділдіктің орнайтынына сенбеймін. Бала-шағамызды әрең асырап отырған бізді басыну. Біздің адвокат жалдауға да қаражатымыз жоқ. Әділетті Қазақстан құру деген Президенттің тапсырмасын осындай шолақ белсенділер орындамайды, көз жұма қарайды. Баламның өліміне кінәлі адамдардың толықтай жазаға тартылуын талап етемін!» — деді Қазақстан ауылының тұрғыны Эльвира Рахымбаева.

Ауыл адамдарының сөзінше студенттің өліміне қатысы бар күдікті – 22 жаста. Ол бұған дейін де адам тонаумен айналысқан. Көктемде сот үкімімен шартты түрде сотталған, алайда жаза мезгілін бітірмей жатып адам өлтіріп, ауыр қылмысқа барып отыр, дейді ауыл тұрғындары. Кісі қолынан қаза тапқан студент бокстан аудан атынан талай рет жарысқа барып, топ жарған. Студентке күш көрсетпекші болғанмен, әлі жетпеген соң күдікті бірден қару сермеген.

«Бұл оқиғаға қатысты мәліметтерді ҚР ҚК 201-бабы бойынша айтудан бас тартамын. Тергеу туралы ақпарат бермеймін.  Марқұмның әкесі полицияға келіп жүр. Маған қатысты шағым болса тексеріңдер», — деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының тергеушісі Баубек Ахметов.

Аудандық тергеуші істі жасырғанмен, облыстық Полиция департаменті оқиғаның болғанын растап, жағдайды түсіндіріп берді.

«Осы жылдың 29 қазанында сағат 03:20 шамасында Еңбекшіқазақ ауданының ПБ-не аурухананың қабылдау бөлмесіне кеуде қуысының жаралануымен, есін жимастан көз жұмған 2003 жылғы Е. есімді азаматтың жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті.

Аталған факт ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі бойынша Еңбекшіқазақ ауданы ПБ-да тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шараларымен қазіргі уақытта ұсталған 22 жастағы күдікті анықталды.

Тергеу істі дұрыс шешу үшін қажетті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдайтын болады.

Қылмыстық істі тергеу барысы мен нәтижелері Алматы облысының Полиция департаментінде бақылауға алынды», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.

 

Другие новости

Back to top button