Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің жеке банк шоттарын тексеріп тұрады. Бұл шара олардың құмар ойын ойнап, бәс тікпеуі үшін жасалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
16 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің құмар ойын ойнауына тыйым салған заңға қол қойған болатын.
«Осылайша, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың тәртіптік жарғысына сәйкес, елеулі тәртіптік құқық бұзушылықтардың қатарына ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға, сонымен қатар ақша, заттар және басқа да құндылықтар үшін бәс тігулерге қатысуға тыйым енгізілді», – делінген құжатта.
Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындар мен бәс тігулерге қатыса алмайды. Осы шектеуді бұзғаны үшін оларды жұмыстан шығару қарастырылған.
ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ӘСКЕРИЛЕРДІ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРЕДІ
«2024 жылы әскери қызметкерлердің құмар ойындарға қатысуын болдырмау мақсатында Қорғаныс министрлігі екінші деңгейдегі банктер қосымшасы арқылы әскери қызметшілердің жеке есепшоттарына тексеріс ұйымдастырып тұрады. Бұл процесс әскери қызметшілердің жеке қаржылық деректерді көрсетуге келісімі туралы өтініші арқылы жүзеге асырылады, яғни әскери қызметші қолхатқа қол қояды. Егер олар бәс тігетін болса, оларда жұмсалған сома көрсетілген «Құмар ойындар» бөлімі болады (егер жасамаған болса, бөлім жоқ болады). Акцияға ҚР ҚК Әскери полициясы және әскери тәрбие органдары жұмылдырылған. Сондай-ақ олар үнемі әскери бөлімдерде құмар ойындардың зардаптары туралы ақпараттандыру жүргізіп, әскерилердің отбасы мүшелерімен де кездеседі», — деп жауап берді ведомство.
Сонымен бірге, әскери полиция органдары қандай да бір негіз және тиісті нұсқаулар болған жағдайда казиноларды тексеруді жүзеге асыра алады.