Офицерлер декретте. Жалақы 120 мың теңге — Қорғаныс саласында не болып жатыр
«Басқа елден сатып алу үшін ол бізге сәйкес болу керек. Одан кейін оның бағасы әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, Түркиядан сатып алсақ, ол қымбатқа түседі. Сондықтан біз өзіміздің әскери өнідірісімізді дамытуымыз керек», — дейді А. Құспан.
А. Құспанның айтуынша, 30 жыл бойы «жағамыз жайлауда, арқаны кеңге салып» келген екенбіз, яғни сыртқы саясатымыз керемет, бізге ешкім тиіспейді деп бөлінетін қаржыны да «артып жатыр» деген желеумен айтып, қуанып келгенбіз. Ал шындығында ол ЖІӨ-нің 1 пайызына да жетпейтін болып шықты. Әскердегі жемқорлық мәселесі де айтылды.
Сыртқы саясатымыз жақсы, бізге ешкім тиіспейді деп ойлаймыз…
«Президентіміз — дипломат, халқымыз — тыныш, ешкімге тиіспейді деп ойлап келдік. Олай ойлауға болады. Президентімізге рақмет, халқымызға рақмет, бірақ Швейцарияны алайық, Финляндияны алайық» деген төрайымның сөзінше, бейтарап жатқан бұл елдердің әскери техникасы мықты. Сонда біз бұған дейін қандай елдерден үлгі алып келдік? Соғыссыз қоғамда өмір сүреміз деп сенгеніміз рас, дегенмен соңғы бірнеше жылдың ішінде бұл теорияның практика жүзінде мүмкін емес екенін бірнеше ел дәлелдеп берді. Соғыс жан-жағымызда болып жатыр. Сыртқы саясаттағы жетістіктің бәрі жақсы деген сөз емес екенін А. Құспан да жеткізуге тырысқан секілді.
Әскеріміз де, халқымыз да оқыс оқиғаға дайын емес, әскерге жастар бармайды деп сынаған Айгүл Құспан жауапты өзі берді деуге болады. Ендеше, тарқатайық.
Комитет төрайымының айтуынша, әскери саланың барлық тармағына қаржы керек. Жалақыны да, зейнетақыны да өсіру қажет. Ал біз әлеуметтік салаға ақшаны аямай салып жатырмыз. Мәселен, сержанттарымыз айына 120 мың теңге ғана жалақы алады. Содан кейін олар басқа жұмыс іздеп, елді қорғаудың орнына такси жүргізушісі болып 500-600 мың теңгедей табуға мәжбүр. Күнделікті көшеде күзет жүргізетін ұлттық гвардия ұландарының жалақысы өте төмен деп отыр. Ал сол алған жалқысын төрт-бес жігіт бірігіп бір бөлмелі пәтерге береді. Сонда олар қалай отбасы болады? Дәл осылай ашынып отырған А. Құспан әскери техникамызды айтпағанда, форма, тамақ, қару-жарақтан бастап қай-қайсысына да ақша жетпейтінін айтты. Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекарадағы заставаларына барып, өз көзімен көріп, «жаның ашиды» деп бағалап отыр. Себебі, ондағылардың тұратын үйлері жоқ. Кейбірі бұрын балабақша болған ғимараттарды паналайды.
Әскерге деп 100 млрд теңге жыл сайын сұрайды. Бірақ оның жартысын ғана береді. Онымен әскер де, басқасы да дамымайды. Дамуға керек ақшаның 70-80 пайызы қырқылып қалып отыр.
Ер офицерлердің декретке шығуы — мемлекетке қауіп
Қазір қолданыстағы заңнамаға сай, әскердегі ер офицерлердің декретке шығуы деген мәселе бар. Бұл халықаралық тәжірибе болған соң амалсыз орындаймыз, әйтпесе Женева бізді сынайды деп отырған А. Құспан үлкен бір проблеманың басын ашты.
Атап айтқанда, бұрын ер офицерлер декретке шыққан кезде ұялып, 3-4 адам ғана шықса, қазір олар мұның жақсы жағын көріп алған деп отыр. 600-ге тарта ер офицеріміз декреттік демалыста. Олардың жұмысы жүріп, шені де өсе береді. Бірақ декреттегі офицерлеріміз үйде бала бақпайды, басқа жақтан жұмыс іздеп, көп ақша табуға әрекет етеді. Ең қорқыныштысы бұл емес, кейбір офицерлер – сала бойынша елдегі жалғыз маман, яғни ол әскери адам жоқ болса, мәселен нақты бір техникамен жұмыс орындалмайды деген сөз. Осы тұста жүргізуші: «Оларды шұғыл жағдайда қайта шақырта ала ма?» — деп сұрады. Спикер: «Шақыра алатын шығар, бірақ декретке жіберуге міндетті, себебі Женевадағы ұйым қарап отыр», — деген әңгіменің шетін шығарды.
Декретке кеткен әскердің орнын толтыра алмай жатқан Қорғаныс министрлігі енді қандай шешім қабылайды? «Әзірге тек аталған норманы қайта қарау мәселесін ұсынамыз» деп отыр А. Құспан, яғни декретке жіберу мәселесі қайта қаралады деген сөз.
Бұдан бөлек жалақы мен зейнетақының өте төмендігінен әскери қызметкерлер өз саласына қайта келмейді, басқа жұмыс іздеп кетеді. «Себебі отбасын асырау керек. Мәселен, солтүстік шекарамыздағы заставаларда үй жоқ. Олар сол жердегі өзгенің үйін жалдап тұрады. Бір бөлмеге төрт төсек қойған үй иесі әр әскериден 30 мың теңгеден жинап алады деп отыр» депутат.
Әскерде жүргендер — ауылдың балалары
Айгүл Құспан бағдарлама кезінде әскерде жүргендердің дені ауылдың балалары, қазақтың жігіттері екенін айтты. Қаланың балалары бармайды, барса да некен-саяқ дейді. Олардың ата-анасы сылтау тауып, балаларын әскерден алып қалуды ойлайтынын айтады. Дегенмен, биліктің бір тармағында отырған төрайымның ауыл балалары ҰБТ-ны түрлі себептермен тапсыра алмай қалып жатқанын тілге тиек ете келіп, олардың сол үшін әскерге кететінін айтуы қаншылықты заңды? Сонда ауылдағы білімнің нашарлығынан ондағы балалардың әскерге баруы норма болып қалыптасып кеткен бе?
Қаланың балалары неге аз?
Бұл сұраққа екі жауап айтылды: Біріншіден, олар университетте оқып жатыр, сондықтан әскерге ала алмайды. Екіншіден, денсаулықтары жарамайды. Қаланың балалары университеттегі әскери кафедрадан өтеді, сөйтіп әскери билетті ала салады.
«Қазіргі қаланың балалары әскерге дайын емес» деген Айгүл Құспан оларда түрлі аурулар бар екенін айтып отыр. Ендеше бір ғана қорғаныс саласы арқылы біз қазір білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі проблеманың шетін көріп отырмыз.
Қорғаныс министрлігімен сөйлескен А. Құспан қазір әскерде әлімжеттік жоқ деп отыр. Бір жылға ғана шақырылады, яғни бұрынғы «дед» дегендер кетіп қалады. Дегенмен, бір жылдық мерзімнің қолданысқа енгеніне бірнеше жыл болды, бірақ қайтыс болғандар, түсініксіз себепте өзіне қол салғандар оқиғасы кейінгі жылдары жиілеп кеткенін білеміз.
«Қорғаныс саласындағы проблемаларды бәрі біледі, билік те хабардар деген ойдамын. Әрине бәрі жаман деуге болмайды» деген Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан қарапайым күнделікті тұрмыстағы керек-жарақтан бастап, әскери техника қажеттілігіне дейін жағдайдың қиын екенін, тіпті мүлде нашар екенін айтып бергенін көріп отырмыз. Оның ішінде әскерилердің жалақысы, зейнетақысы, үй, білім, денсаулық, сарбаздар санының жетіспеуі, нақты мамандардың дала кезіп, басқа жұмыс іздеп кетуі де бар…