Нур-Султан

Нұр-Сұлтан полициясы мешітте билеген қыздың видеосына қатысты пікір білдірді

Мешіт әдебін сақтамаған қыздың оғаш әрекеті туралы ҚМДБ да түсініктеме берді

Нұр-Сұлтанда жаңадан салынған бас мешітте билеп жүрген бойжеткенің видеосына байланысты елорданың Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг барысында Мәңгілік Ел даңғылы бойындағы мешітке кіреберісте билеп жүрген қыздың видеосы анықталды. Тексеру нәтижесі бойынша қыздың күзет қызметінің ескертуінен кейін ғимараттан шығып кеткені анықталды. Бұл дерек бойынша полицияға ешқандай арыз-шағым түскен жоқ», — деп хабарлады қалалық ПД өкілдері.

Айта кетсек, аталған мешіт 12 тамызда ашылған болатын. Ол Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт саналады және әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енді. Елорданың бас мешітінің ерлерге арналған намазханасына 30 мың адам сыяды, ал әйелдер залына бір мезгілде 5 мыңға жуық адам кіре алады. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүмкіндігі бар.

Тақырыпқа орай: ҚМДБ мешіт әдебін сақтамаған қызға қатысты түсініктеме берді

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтандағы бас мешітте айқайлай ән салып, жұлқына билеп жүрген бойжеткеннің видеосы тарады. Мешіт қызметкерлері бойжеткенге жақындап, оны тоқтатпақ болғанымен, қыздың олардан қашып, қайтадан биге басып жатқанын көруге болады.

 

Другие новости

Back to top button