Шымкент

Неке түнінде қайтыс болған мұғалімнің анасы: «Істі екі бөлмелі пәтермен жаппақ»

Шымкентте неке түнінде өліп кеткен мұғалім келіншектің туыстары әділдік іздеп отыр. Марқұмның анасының айтуынша, күдікті деп қамауға алынған күйеу баласының ағасы кешірім үшін екі бөлмелі пәтер беріп, қылмыстық істі жаппақ көрінеді, деп хабарлайды Экспресс К

Сағида Бәйменованың анасы тағы да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, видеоүндеу жолдады. Бұл жолы қызынан айырылған тұрғын ұстаздың өліміне қатысты қозғалған істі тергеу жұмыстары әділ жүріп жатқан жоқ деп қынжылды. Әйелдің айтуынша, аталған қылмыстық іс туралы тергеуші ешқандай ақпарат бермей отырған көрінеді.

Мұғалімнің анасының видеосын қоғам белсендісі, заңгер Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Қайтыс болған Сағида Бәйменованың анасының айтуынша, күдікті деп қамауға алынған күйеу баласының ағасы кешірім үшін екі бөлмелі пәтер ұсынып, қысым көрсетіп жатыр екен.

«Ағасы күнде кешкісін келіп, «келісейік, қалаған жеріңнен екі бөлмелі пәтер әпереміз» деп отыр. «Біз министрлікпен, бар жақпен келісіп қойдық» дейді. Сонда бізде адам өлімі осылай шешіле бере ме? Тергеуші тергеу материалдарымен таныстырмайды. «Не болып жатыр?» десек, «сотта бір-ақ білесіз» дейді. Әлі бізден түсініктеме де алмады. Тергеу әділ жүріп жатқан жоқ. Өзім тергеушіге 2-3 рет бардым. «Тергеумен таныстыратын менің бастығымсыз ба? Сот болатын кезде бір-ақ танысасыз» деп айтты», — дейді марқұмның анасы.

Бұдан өзге әйелін өлтірді деп қамауға алынған күйеу баласының туыстары қара жамылған отбасыға қоқаң-лоққы да көрсетіп жатқан көрінеді.

«Ауыздарыңды жабыңдар, бәрібір сотталмаймыз. Жоғары жақпен келісіп, бәрін шешіп қойғанбыз. Құры өзіңіздің жылағаныңыз қалады» деп қорқытып отыр,

— деді қызынан айырылған ана.

Өз сөзінде Шымкент тұрғыны мұндай қысымнан шаршағандықтан полиция тарапынан күзет қойып беруін сұрайды.

Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек бұл қылмыстық істі Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың өзі бақылауға алмаса болмайтынын, өйткені Шымкент қаласының Полиция департаменті тек қоғам назарын аударып, резонанс тудырған жағдайда ғана қимылдайтынын алға тартты.

Ал Полиция департаментіндегілер бұл видеоға қатысты мән-жайды анықтап жатқанын, кейінірек пікір білдіретінін айтты.

Экспресс К бұған дейін шымкенттік мұғалімнің неке түнінде қайтыс болғаны туралы жазды. Көп ұзамай Назарбаев мектебінде жұмыс істеген марқұмның оқушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен еліміздің бас полицейі Марат Ахметжановтан араша сұрады.

Қайтыс болған мұғалімнің анасы қанды оқиға туралы тың деректермен бөлісті. Қызынан айырылған тұрғынның айтуынша, күдікті деп ұсталған күйеу баласының әкесі бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Ал күйеу баласы кезінде прокуратурада істеп, істі болған соң бизнес саласына кеткен. Оның ағасы прокурор көрінеді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

 

Другие новости

Back to top button