Госорганы

Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін – Президент Жайықтың тартылуы жайында

Жайықтың деңгейі соңғы жылдары төмендеп кетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Жайықтың тартылуы жұртты қатты алаңдатып отыр. Дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кетті. Өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы, яғни бесінші дәрежеге жетті. Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар келісім-шартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек. Бұл істе бәрін осы өңірдегі мемлекеттердің өкілдеріне ғана жүктеп қоюға болмайды. Сарапшылар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері де өз міндетін атқаруға тиіс. Жайықты сақтауға бәріміз күш жұмылдыруымыз керек. Экологиялық ахуалдың нашарлауы көптеген салаға кесірін тигізеді. Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, табиғатты қорғауға қатысты кез-келген заң бұзушылықтың жолын кесу керек. Өзеннің аңғарын түгел тексеріп, ондағы нысандардың заңдылығын мұқият қарау қажет. Жайық өзенінің бойын тазалап, экожүйені қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бұл – облыс әкімінің және Үкіметтің тікелей міндеті», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қомақты қаржы бөлініп, жыл сайын нақты жұмыс істеліп жатса да, Атырау қаласын көгалдандыру мәселесінің де нәтижесі шамалы.

«Экологиялық мәдениеттің деңгейін көтеру аса маңызды. Ресурс үнемдейтін технологияларды енгізіп, су тұтыну көлемін азайту қажет. Атырау қаласын көгал-дандыруға баса мән берген жөн. Қомақты қаржы бөлініп, жыл сайын нақты жұмыс істеліп жатса да, оның нәтижесі шамалы. Жаңадан отырғызылған ағаштар жерсінбей, қурап жатыр. Бұл істе тиісті мамандардың және ғалымдардың ұсыныстарын ескерген жөн. Қаржыны тиімсіз жұмсай бергенді доғару қажет. Басты мақсат – бюджетті игеру емес. Нақты нәтиже шығару үшін жұмысты мұқият ойластырып, сапалы орындау керек. Сонда ғана Атырау, шын мәнінде, жасыл қалаға айналады», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 

Другие новости

Back to top button