Шаңырақ

Нағыз еркектің он белгісі

Әрбір әйел жар таңдауда қателескісі келмейді. Болашақ күйеуінің сүйікті жар, арқасүйер азамат, жақсы әке болғанын қаламайтын қыз жоқ. Ер де, әйел де бақытты болуға лайық. Әйтсе де адамды тану оңай емес. Сондықтан да нағыз еркекті қалай тануға болатыны жөніндегі маңызды кеңестерге зер салу артық болмайды.

Әзіл-қалжыңға жүйрік

Әзілдеу деген біреудің бір жері ашылып қалғандай қарқылдап күлу емес. Нағыз еркек орынды жерде әзілдесе біледі, күлкілі, бірақ көңілге келмейтіндей сөз айта алады, өз кемшілігін өзі әжуалауды біледі. Әдеппен әзілдесу – тапқырлықтың, сөз қадірін білудің белгісі. Ойлы әзіл, жарасымды қалжың – ер адамның артықшылығы. Мұндай адамның миының алдыңғы бөлігі белсенді жұмыс істейді.

Тамақ жасай алады

Асқан шебер аспаз болмаса да, екі-үш тамақ түрін өте жақсы әзірлей алады. Ол жас бала емес, сондықтан өзіне-өзі қамқорлық жасай білуі тиіс.

Хоббиі бар

Адекват еркектің міндетті түрде әуестігі, жан дүниесіне жағатын ісі болуы тиіс. Бірақ ол фанатизмге айналып кетпеуі керек. Әрі хобби, әрі пайдалы іс болса тіпті жақсы. Ал компьютерлік немесе құмар ойындар, жатып алып теледидар қарау, не достарымен жиналып ішімдік ішу хоббиге жатпайды.

Сөзге шешен

Психикасы сау еркек сөйлегенде былапыт, дөрекі сөз араластырмайды, жателдік адам секілді ана тілін шұбарламайды. Ол даусын көтермей сөйлейді, мәселені айғайсыз шешуге тырысады, қай жерде үнсіз қалуды біледі. Адамдармен тіл табысып, әңгіме-дүкен құру қолынан келеді.

Спортпен айналысады

Қазіргі заманғы еркек спортзалға баруға міндетті! Бұлшық еті бұлтыңдап тұрмаса да үнемі формада болуы тиіс.

Тәттіні жек көрмейді

Тәтті-тұрымды бас салып асамаса да аздап шоколад секілді тағамдарды жегені өте дұрыс. Демек, оның жүйке талшықтарына қорек жеткілікті.

Ақсаусақ емес

Қазіргі еркектер балта-күрек ұстауды ғана емес, өз киімін өзі үтіктеуді, дүкенге барып сауда жасауды білуі тиіс. Бұл өз бетінше өмір сүре алатынының және жауапкершіліктің белгісі.

Өзін бағалай біледі

Дені дұрыс еркек жеткен жетістігіне мақтанбайды немесе керісінше, өзін-өзі жек көріп, салы суға кетпейді. Сыртқы келбетіне келсек, адекват еркек айна алдында көп уақыт тұрмайды, косметиканы да әйелден артық тұтынбайды.

Ата-анасының пікіріне тәуелді емес

Оған анасы мен әкесінің пікірі маңызды, ата-анасын құрметтейді. Бірақ нағыз еркек шешімді өзі дербес қабылдайды. Оның өмірге өз көзқарасы, басшылыққа алатын принциптері бар. Ерік күші мықты, жігерлі адам.

Қыздарды құрметтейді

Психикасы дұрыс еркек әйелге тек жыныстық құмарлықты қанағаттандыру нысаны деп қарамайды. Ол қыздарды ең алдымен адам деп есептейді, бірақ әйел сұлулығына тамсана біледі.

Әзірлеген
Дина Халық

Другие новости

Back to top button