«Мылтықты Нұрқияс атты»: марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев беттестіру кезінде не деген

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев пен күдікті Нұрқияс Ілиясовтың беттестіру кезінде сөйлескен видеосы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Нұрқанат Ғайыпбаев төбелес кезінде Абзал Шынасыл мен Шыңғыс Белғожаев пышақ ұстап, өздеріне шабуыл жасаған.
«Шерзаттың шекесінен мылтықтың дүмімен ұрды. Менің желкеме мылтық тиген соң талып қалдым. Мылтықты Нұрқиястың қолынан көрдім. Бір рет мылтық атылғанын естідім. Нұрқияс кейін төбелес кезінде екі рет пышақ сермеді», — дейді Ғайыпбаев.
Беттестіру кезінде Нұрқияс Ілиясов марқұмның сөзімен келіспейтінін айтқан.
«Мылтықпен ұрып, пышақпен шабуылдады дегенімен келіспеймін. Біз кафенің алдында тұрғанда Азаматқа Нұрбол Тоқтаубаев хабарласты. Нұрболды ұрып кетті деп айтқан. Дүкеннің алдында 7-8 бала ерегісіп, боқтап тұр екен. Кейін әкесі пышақпен шығып, балағаттап «кетіңдер» деді. Сол кезде бетімнен біреу ұрды. Тура сол кезде алдымнан оқ атылды. Қарасам, Нұрқанат екен. Екі рет оқ атқан соң, артқа қарай Шерзатпен қашты. Екеуінің артынан барғанда Шерзат тізерлеп құлады. Сол кезде мылтықты алып Нұрқанаттың желкесінен ұрдым. «Скорый» дегенде мен мылтықты алып кетіп қалдым. Қолымда пышақ болмады», — деді Нұрқияс Ілиясов.
Ғайыпбаев мылтық атты деген сөзімен келіспеді. Ал сот отырысында күдіктілердің барлығы дерлік мылтықпен екі рет оқ атқан Нұрқанат Ғайыпбаев екенін айтқан еді.
Естеріңізге сала кетейік, қазір тікелей эфирде 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процессі өтіп жатыр. Сот отырысының тікелей эфирін «Azattyq Ruhy» youtube арнасынан көре аласыздар.