Выбор редакцииСоциум

«Мұның бәрі көзбояушылық»: Украинадағы қазақ көмек ретінде тігілген киіз үйлерге қатысты келеңсіз жағдайлар туралы айтты

Украинаның ірі қалаларында қазақ мецанаттарының қолдауымен қазақтың киіз үйлері тігілген болатын. Ондағы киіз үйлерімізге жергілікті қазақтар мен жерлестеріміз ерікті түрде жұмыстар атқаруда. Сондай отандастарымыздың бірі – Еркінбек Садықов. Оның сөзінше, қазір Украинадағы жеті киіз үйдің бесеуі жабылған. Stan.kz тілшісіне ол бетпе-бет келген ыңғайсыз оқиғилары туралы баяндады. 

 

Еркінбек Садықов 1979 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақстанда көлік саласында оқыған. Украина елінде киіз үйлерімізге ерікті түрде бас-көз болып, қайырымдылық шараларына атсалысқан.

«Украина елінде 90 күнге жуық болдым. Оның ішінде екі жарым ай киіз үй құрып, көмек беруге ерікті түрде атсалыстым. Қазір Молдово астанасы Кишинев қаласындағы нағашыларымды паналап жүрмін. Бұл жердегі жағдайым аса мәз емес. Қаржым да бітуге айналды. Киевтегі қайырымдылық қорымен келісімшарт жасасқан болатынмын. Біздің шығындарымыздың барлығын да қор көтеруі қажет. Оның ішіне тұрғылықты жатар орын, тамақ т.б. кіреді. Мұндағы визаның өзі 400 доллардың (180 мың – авт.) шамасында екен»,  – дейді жерлесіміз.

Жат елдегі отандасымыз жергілікті шенділермен ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтады.

«Мамыр айының аяғында маған Украина депутаты Сергей Нагорняк хабарласып, дөрекі өтініш айтты. Украинаға Молдоводан келмей-ақ қойыңыз деді. Бұған себеп ретінде «киіз үйлерге халқымыз әбден үйреніп алды деді, содан соң  “эту бомжатину надо закрыть» деп айды аспаннан бірақ шығарғаны бар. Осылай өз халқын үйсіз-күйсіздерге теңеді. Олар қайта елін тастап кетпеген батырлар ғой дедім. Украина депутатына «өз халқыңызды қалай бомжға теңейсіз, халық сізді сайлап отыр емес пе деп өз жауабымды айттым. Кейбір басшылардың көзқарасы осындай екен.

Осы жайттардың барлығын жергілікті халыққа жеткіздім. Халық пен депутаттардың арасында біздегідей мәміле жоқ. Кейбір қайырымдылыққа келген дүниелерді сауда орталықтарына да жіберетін көрінеді. Халық пен әскерге келген заттар сатылып та жатыр. Бұл жақтан осылай ақша жасайтындар да бар», — дейді жерлесіміз.

Еркінбек мырзаның айтуынша, расында мұнда үйсіз-күйсіз жүргендер қазақтың киіз үйіне әбден үйреніп қалған. Бірі демалуға, бірі паналауға келеді.

«Киіз үйлерімізді арнайы бір құлшылық үйі ретінде де көреді. Бір жағынан соғыс пен үрейден мезі болған адамдарға психологиялық көмек береміз. Украина халқы киіз үйлерімізге рухани демалуға келеді. Мақсаттары бір нәрсені жеп немесе киіз үйге қонып кету емес. Қазақстанның өкілі болғаннан кейін менімен сөйлесіп, елімізді әр қырынан тану оларға да қызық”, – дейді ол.

Айтуынша, Киевтегі киіз үйге келген үйсіз-күйсіздерді үстінен иіс шығады деп қуып шыққандар да бар көрінеді.

“Халыққа қонатын жер болса болды, қона салғылары келеді. Жуынатын дұрыс орын жоқ. Киевтегі киіз үйге иістеніп келген адамдарды, сондағы қазақтарымыз бір рет қуып жіберіпті. Бұлары енді тіптен ұят. Суы болмаған соң, халық сасымай қайтсін. Маған да осылай келгендерді қуып жібер деген. Үлкен ата-әжелер бізге де келген. Олар жуынуды емес, жандарының аман қалғанын ойлайды. Ондай кезде далаға шығып кетемін. Үлкен кісілер қымсынбай шәйлерін ішіп алсыншы деп. Қуатын болсам, өзімді ғана емес Қазақстанды да жексұрын қыламын ғой», — дейді ол.

Кейіпкеріміздің пікірінше, мұндағы киіз үйдің жұмысы әншейін көзбояушылық.

«Біздің Қазақстандағы кәсіпкер депутат Айдос Мұқатаев осы істің басы-қасында жүр. Өзі Алматы қаласынан. Николаев қаласындағы киіз үйге де көмектесті. Жалпы біздің еліміздікі көзбояушылық. Бұл Қазақстанның санкцияға ілінбеуінің бір амалы. Ел үшін де мықты пиар. Менің түсінгенім бір жағынан кәсіпкерлер де пайдасын көріп жатыр. Дүниежүзінен мұндай іс-шараларға қаржы да түседі. Қазір киіз үйлеріміз Киев пен Славянск қалаларында ғана ашық тұр. Николаев қаласындағы киіз үйімізге жергілікті мұғалімді отырғызып қойған”, – дейді ол

Сөзінше, көңілі толмаған жайттар көп.

“Бізді украиналық депутат қамтамасыз етті. Екі айдай жатар орнымды тауып берді. Келісімшарттағы қаржыны да төледі. Бірақ у-шу болған мәселелер өте көп. Тура біздің Қазақстандағы басшылардың тірлігіне ұқсайды», — деп налиды сұхбат беруші.

Украинада қазіргі кезде жеті киіз үйіміздің бесеуі өз жұмысын тоқтатыпты.

«Мамыр айының тоғызынан бастап киіз үйлер жұмысын тоқтатты. Тек Николаев қаласындағы ұзағырақ жұмыс істеді. Маған айтқан себебі қаржы жоқ. Мұндағы негізгі саясат Қазақстанның санкциядан айналып өтуі үшін ойластырылған болып тұр. Қазақстандық құрылыс компаниясы Николаев қаласындағы аурухананы тегін салып беретін болды.

Украина жағында өзбек, тәжік, әжірбайжан этностары қолдап, соғысып жатқандары да бар. Мен тұрған қалада Ресей әскері наубайхана, жергілікті биліктің ғимараттары мен әртүрлі мекемелерге соққы жасады. Кейде көп қабатты тұрғын үйлерді де атқылайтын кездері болатын. Сондай жағдайдың бірінде бір бейбіт тұрғын қаза тапты. Сиренаның дауысы естілсе болды, бәрі де бас сауғалайтын жер іздейді.

Америка мен Еуропа елдерінің де қайырымдылық қорлары да жұмыс істеп жатыр. Мұндағы жергілікті халық арасынан Путинді көмекке келеді деп күтіп жүргендері бар. Мұндағы ерікті қазақтар жан аямай жұмыстарын атқарып жатыр. Ешбір қазақты қаза тапты деп естімедік. Құдай естіртпесін», – деп сөзін аяқтады қазақстандық ерікті.

Другие новости

Back to top button