ГлавноеСоциум

«Мұндай пиар өтпейді»: Айгүл Орынбек министрдің асханада көпшілікпен тамақтанғанын сынады

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың асханада, көпшілік қауыммен бірге тамақ ішкен сәті желіде тарап, жұртшылық талқысына түскен еді. Заңгер Айгүл Орынбек министрдің әрекетіне тамсанғандарға мұның үйреншікті жағдай болуы керек екенін айтып, басшылардың халықпен әрқашан жақын болуы керек екенін ескертті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Айгүл Орынбек бұл туралы өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

“Осы енді мақтанатын дүние ме? Министр өте қарапайым халықтың ортасында тамақтанып отыр, жарады. Алайда олар халықтың ортасында жүрмегенде қайда жүруі керек? Өзімізге обал жоқ. Біреу атқа қонып, таққа отырса, мақтап шыға келеміз. Сөйтіп жүріп басшылардың ештеңе тындырмайтынын айтып ренжиміз”, – деді заңгер.

Маман сонымен қатар билік басындағыларға жағымпаздануды қойып, керісінше олардан өзара халықтың ортасында болуын талап ету керек екенін түсіндірді.

“Бай болыстардың заманы өткен. Билікте отырған азаматтарға көпшік қойып, жағымпаздануды қою керек. Олардың осылай елдің ортасында жүргенін талап етуіміз керек. Халықтың ортасында жүрген басшы ғана елінің мұң-мұқтажын біледі. Дамыған елдердің министрлері халықтың ортасында велосипедпен жүреді. Оған ол елдің халқы таңғалмайды. Тіпті оларға министрлердің солай жүруі үйреншікті жағдай. Ал бізде жай байдың баласы асханада отырып тамақ жесе, соны әңгіме қыламыз”, – деп сынады Айгүл Орынбек.

Заңгер халықтың санасына өзгеріс қажет екенін алға тартты.

“Анау үкіметте отырғандардың бәрі ауылдың ортасына келіп, халықпен бірге қара қазаннан тамақ жеуі керек. Сонда ғана олар елдің жағдайын түсінеді. “Әйтенов Астанаға поездбен барыпты”, “Ғабидулла велосипед мініпті”, “Байбек автобусқа мініп, қаланы аралапты” деген пиар өтпейді енді”, – деп қорытты маман.

 

Другие новости

Back to top button