Госорганы

Мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл бойы субсидияланады

 Мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл бойы субсидияланады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Олжас Ордабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ол мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біріншісі – мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау тетігі. Бұл талап бойынша жұмыс берушілер бар жұмыс орындары санының 2-ден 4 пайызына дейінгі мөлшерде жұмыс орындарында мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгіленеді. Осы бағыт аясында өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 12,2 мың адам жұмысқа орналастырылды», – деді вице-министр.

Олжас Ордабаевтың айтуынша, екінші бағыт – ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құру. Бұл жоба 2018 жылы іске асырыла бастады.

«Осы бағыт аясында жұмыс берушіге жұмыс орнын құру және жабдықтау шығындары өтеледі. Тетік қайта қаралып, күшейтілді. Биылдан бастап жұмыс берушіге 1 млн теңгеге дейінгі шығындар өтеледі. Сонымен қатар арнаулы жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады. Мәселен, бірінші жылы мемлекет жалақының 70 пайызын, екінші жылы – 65, үшінші жылы 60 пайызын субсидиялайды», – деді ол.

Оның дерегінше, үшінші бағыт – біліктілікті арттыру, кәсіпкерлікпен айналысу және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін мүмкіндіктер көзделетін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамту.

«Бүгінгі күні Ұлттық жобамен 13 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылды. 1,2 мыңы тұрақты жұмысқа, 5,9 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына, оның ішінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» және басқа да жобалар бойынша жұмысқа орналастырылды. Биыл гранттар беру тетігі қайта қаралды. Халықтың осал топтарына, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және мүгедектігі бар балалары бар ата-аналарға артықшылық беріледі. Осылайша, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 286 ата-ана мен мүмкіндігі шектеулі 481 адам грант алды», – деді Олжас Ордабаев.

Другие новости

Back to top button