Госорганы

Мүгедек баласы бар аналар зейнетке неліктен ерте шықпайды – министр жауабы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаттарының мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету туралы сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасы 61 жасты құрайды. Өйткені Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша коронавирус пандемиясы әйелдерінің денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер етуіне байланысты әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспарланған 63 жасқа дейін кезең-кезеңімен арттыру тоқтатылды», — деп жазылған жауапта.

Министр өз жауабында қазір әр адамға төленетін зейнетақы мөлшері қалай есептелетінін түсіндіреді.

«Біріншіден, бұл ең төменгі деңгейде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60% құрайтын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі. Ол 10 және одан аз жыл еңбек өтілі бар немесе мүлдем еңбек өтілі жоқ барлық азаматтарға кепілді түрде беріледі. Бұл ретте еңбек өтілі көп азаматтар үшін базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан астам әр жыл үшін 2%-дан артады. Ал 33 және одан да көп жыл өтілі кезінде базалық зейнетақы ең жоғары мөлшерге – ЕТКД-нің 100% жетеді.

Екіншіден, бұл жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен және 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға республикалық бюджеттен төленетін ынтымақты (еңбек) зейнетақы. Ынтымақты зейнетақыны тағайындаудың негізгі шарттары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілінің, сондай-ақ 1998 жылдан бастап үзілістерге қарамастан кез-келген қатарынан 3 жылдағы орташа айлық табысының болуы болып табылады. Үшіншіден, бұл жинақтаушы зейнетақы, онда қоланыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы қызметкерлердің 10% міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте алынатын зейнетақылардың мөлшері зейнетақы жарналарының мөлшеріне және оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тұрақты аударуға, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының кірістілік деңгейіне байланысты болады. Осылайша, барлық үш деңгейдегі зейнетақымен қамсыздандыру еңбек өтіліне байланысты. Еңбек өтілі неғұрлым көп болса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады», — деп түсіндіреді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол әйелдердің жұмыста болмаса да зейнетақымен қамтылғанын еске салады.

«Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне жекелеген әлеуметтік маңызы бар кезеңдер (жұмыс істемейтін ананың жас балаларға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, сексен жасқа толған қартқа және күтім жасаған т. б.) есептелетінін атап өткен жөн. Бұл әйелдерге еңбек қызметінің жоқтығына қарамастан зейнетақымен қамсыздандыру құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қолданылу жағдайында ерте зейнеткерлікке шығу (50 жаста), оның ішінде мүгедектігі бар балалары бар әйелдер қартайғанда барабар зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді», — деп жазады Тамара Дүйсенова.

Другие новости

Back to top button