Дежурный по стране

«Мемлекеттік сыйлық лауреаттарына дауыс беру форматын жария түрде өткізген дұрыс»

Мұхтар Түменбай - журналист

Жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат өз парақшасында жылдар бойы оңтайлы шешімін таппай келе жатқан даулы мәселені қозғапты. Өз постында Дәукең мені де тегтеп кеткен екен. Сол себепті мен де бірер ойыммен бөліскенді жөн көрдім.

Әңгіме Қазақстанда ең жоғарғы дәрежелі құрмет белгісі саналатын Мемлекеттік сыйлық жайында. Дәлірек айтқанда соған лайықты шығармаларды таңдау процедурасы хақында. Жылда берілетін сыйлық. Жылда қырғын, жылда өкпе, реніш, бет жыртысу. Және шеті көрінер емес бұл бықсыған даудың.

Мен бұл мәселеде нүкте қоюдың бір ғана жолын көріп тұрмын.

Біріншіден, мемлекеттік комиссияның құрамы 40-50 адамнан тұрады. Бәрі де елге сыйлы, абыройлы азаматтар. Кемінде сондай деп есептеледі. Бұл жерде, әрине обьективтіліктен гөрі субьективтілік басым. Десе де, басым көпшілігінің есімдері ел аузында. Демек белгілі азаматтар. Олай болса Мемлекеттік сыйлық лауреаттарына дауыс беру форматын жария түрде өткізген дұрыс ау. Және ол дауыс беру нәтижелері аты-жөндерімен бірге сол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланса. Сонда комиссияның 40 мүшесінің әрқайсысы, өз дауысы үшін жауапты болады. Арының алдында, оқырманның алдында, әдебиет деген өнер алдында. Неге, нендей себептермен және қандай критерийлар бойынша нақты шығармаға дауыс берді? Осы сауалдарға әр комиссия мүшесінің өз жауабы дайын болуы тиіс. Бәлкім сонда олар, жершілдік, рушылдық, сыбайластық таныстықтан бұрын өз абыройларын ойлайтын болар.

Әрі-беріден соң Мем. сыйлық лауреаты деген депутаттық мандат емес қой, миллиондаған бюллетенді жалған санап, карта сияқты сапырып, астыртын тарата салатын.)) 40 дауысты санауға әркімнің қабілеті жетер жария болса. Сонда мемлекеттік сыйлықтың лауреатымен қоса комиссия мүшелерінің де абыройлары сынға түсер еді.

Бірақ, мемлекеттік комиссияға әр түрлі сала өкілдері кіретіні тағы бар. Демек, олардан шын мәнінде кәсіби баға күтуге болмайды. Олай болса олардың алдына айталық, әр өнер саласынан әбден іріктеуден өткен 2 шығарма ғана ұсынылсын. Оған дейінгі сұрыптау, талдау, талқылау, көркемдік деңгейіне баға беру жұмыстары әр өнердегі шығармашылық одақтарда өтсін.(Жазушылар одағы, Суретшілер одағы т.б.) Және онда да шығармалар басқарма шешімімен емес, жалпы жиындарында ашық дауыс беру арқылы бекітілгені жөн. Өз іштерінде ұрыса ма, боқтаса ма, төбелесе ме, өздері біледі. Бірақ бір байламға келсін. Келмей ме, онда ол салаға сол жылы мем.сыйлық берілмегені жөн. Одан кейін өкпе айтатындар айта берсін. Бастысы легитимділік процедуралары сақталған болады.

 

Другие новости

Back to top button