«Мектептегі оқыс оқиғаға ұстаз жауапты ма?»: министрлік түсініктеме берді

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мектепте, не болмаса мектеп сыртында болған жағдайлардың барлығына мұғалімді кінәлау дұрыс емес екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Брифингте ресми өкіл мен министрлік қызметкерлеріне журналистер соңғы қоңыраудағы қауіпсіздік мәселесі туралы сұрады.
«Оқу жылының аяқталуы – өте маңызды шара. Алайда ересектердің міндеті мектеп пен ұстаздарға деген алғысты жеткізуді қамтамасыз ету. Оған тек мектеп пен ұстаздар ғана емес, ата-аналар да жауапты болуы керек», — деді ол.
Сондай-ақ, кейбір мектепте болған келеңсіз жағдайларды ұстаздар мен директорлар көпшілікке шығармай, жасырып қалатыны айтылып, осы мәселені шешу жолдары сұралды.
Бұл уәжге балалар құқығын қорғау комитетінің өкілі жауап берді.
«Атап кеткен мәселе бар. Әкімшілік-құқық бұзу кодексіне сәйкес, білім беру ұйымдарындағы қызметкерлер кәмелетке толмаған жандарға қатысты құқық бұзуды анықтаса, хабар беруге міндетті. Ал білім беру орындарынан тыс, сыртта болған жағдайлар үшін мұғалімдер жауапты емес», — деп жауап берді маман.