Госорганы

Маңғыстаулықтар қаңтарда ел тағдырына жауапкершіліктің үлгісін көрсетті – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының халқы қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде ел тағдырына жауапкершіліктің үлгісін көрсеткенін айтты.

Президент елге қажетті шаралар асықпай, біртіндеп жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Біз саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, орнықтыруымыз қажет. Кез-келген мәселеде келіссөз арқылы, диалог арқылы мәмілеге келу керек. Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде сіздер ел тағдырына жауапкершіліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Сол күндерде мұнда адам өлімі болған жоқ. Мемлекеттік және қоғамдық орындар шабуылға ұшыраған жоқ. Елге жанашырлық деген – міне, осы!», — деді Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу барысында.

Шын мәнінде, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қандай күрделі мәселенің өзін айғай-шу, дау-дамайсыз сабырмен шешуге болады. Біз ішкі және сыртқы саясатта осы ұстанымды сақтаймыз. Өйткені, тұрақтылық, татулық және тыныштық – барлық табыстың көзі. Бұл – ақиқат, деп жалғастырды сөзін мемлекет басшысы.

Осы ретте Тоқаев азаматтарды сабырлық пен ұстамдылыққа шақырды.

«Бабаларымыз «Сабыр түбі – сары алтын» деп бекер айтпаған. Қазіргі алмағайып заманның беталысын көріп отырсыздар. Геосаяси ахуал күннен күнге шиеленісіп барады. Көптеген мемлекет қауіпсіздік тұрғысынан зардап шекті. Осы күрделі кезеңде бізге сабырлық және байыптылық ауадай қажет», — деді ол.

«Әр нәрсенің астарына үңіліп, бәріне мемлекет және ұлт мүддесі тұрғысынан қарауымыз керек. Барлығын әп-сәтте бірден өзгертемін деуге болмайды», — дейді президент.

Тоқаевтың айтуынша, елге, ең алдымен, заң мен тәртіп керек. Заңдарымыз әділ, тәртібіміз қатаң болуға тиіс. Қазіргі жағдайда басқаша болуы мүмкін емес. Тұрақтылық, тыныштық болмаса, ешқандай даму болмайды.

«Шын мәнінде, Отанымыз – бір, халқымыз да – бір. Бұл – ең басты қағидат. Қазақстанды көре алмайтын елдер бар екеніне бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да аса қырағы болуымыз керек. Отанымыздың ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған саясатты жоғары кәсіби деңгейде жүргіземіз», — деп қадап айтты президент.

Айта кетері, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында жүр.

 

Другие новости

Back to top button