Маңғыстауда кен орнында мұнайшы қаза тапты. Әріптестері үндеу жолдады
Солтүстік Бозашы кен орнының NB-10107-4H ұңғымасында мұнай және газ өндіру операторы, 4-разрядты қызметкер Ахметов Досан қайғылы жағдайға тап болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кенші 24 желтоқсан күні сағат 11:15-те жұмыс істеп тұрған мұнай сорабының жанынан тіршілік белгісі жоқ күйінде табылған. Бұл туралы Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұралы Баулыбаев мәлім етті.
Lada.kz басылымының жазуынша, 25 желтоқсанда қайғылы оқиғаны тергеу комиссиясы оқиға орнына барған. Онда оқиға болған сәтте жақын маңда болған куәгерлерден сұрақ-жауап алынған. Мұнай сорабына қатысты техникалық құжаттар зерттеліп, қазаныың себептері анықталуда.
Қаза тапқан мұнайшының әріптестері әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады. Жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәселелеріне алаңдаушылық білдіріп, саладағы тәртіпке күмән келтірді. Олардың сөзінше, қайтыс болған кенші үш баланың әкесі болған, оның үлкені сырқат, ал кенжесіне небәрі бір жаста.
«Жұмыс орындарындағы қауіпсіздік күмән тудыратын жағдайда біз үнсіз қала алмаймыз. Біз «Бозашы Оперейтинг» компаниясының бас директорының қатысуымен осы оқиғаның себептерін талқылап, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды әзірлеу үшін кездесу өткізуді талап етеміз, – делінген бейнежолдауда.
Кен орнының жұмысшылары Маңғыстау облысының әкімін, прокуратураны, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін оқиға орнына келуді, еңбек жағдайын жақсартуға ықпал етуде талап етті.
Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше, кен орнында мұнайшының қаза табуына байланысты ҚР ҚК 156-бабы «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұған дейін Ulysmedia дүркін-дүркін болатын еңбек дауларына не себеп, шешілмей жатқан қандай мәселе бар, ақырында бұған кім жауапты деген сұрақтарға жауап іздеп көрген.