ГлавноеГосорганы

Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп — Еділ Жаңбыршин

Депутат бірқатар ұсыныс айтты

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстаудағы мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 

«Соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлерінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялар жұмысшыларының ереуілдері жиі болып жатыр. Күні кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшылар өңірде өз мәселелелері шешілмегесін Астанаға келді. Өткен жылы да осындай оқиға бас қаламызда орын алған болатын. Сонымен қатар, кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компаниялар «Самұрық-Қазына» Әл-Ауқат Қорының» Ережелерінің талаптарының ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып, шағымданған болатын», — деді Жаңбыршин.

Ол атағандай, Маңғыстауда бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйел азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын.

«Алайда жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала-алмай қалса немесе баға демпингісінен контракт сомасы едәуір төмендесе 90% жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өткен Мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді көтергенбіз. Бірақ, Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалынбады, тиісті нәтиже болмады. Ал Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп. Оларды кешенді түрде «емдеумен» айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде Сізге хат та жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер»,- деді ол.

Депутат атағандай, мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр.

«Ертең «қолымызды мезгілінен кеш сермедік» деп жүрмеңіздер.

Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі, бірақ келесі факторлар: тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Айта кететін жайт, өткен сенбі күні Ақтау қаласында ереуілге шыққан «БерАли Маңғыстау Company» мекемесінің басшыларымен кездестім, жоғарыда келтірілген кемшіліктерді олар да айтты. Компанияның ресми өтініші бойынша жұмыстар жасалынып, құзырлы органдарға хат жолданды»,- деді ол.

Депутат атағандай, баға демпингісіне шектеу қою керек.

«Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек. Екінші, сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Үшінші, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбек ақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілі болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады.

Бұдан басқа кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қаралсын»,- деді ол.

Сөз соңында депутат Конституцияға сәйкес еліміздің байлығы халыққа тиесілі, яғни қазба байлық тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі керек екенін айтты.

«Сондықтан «Самұрық-Қазына» Әл-Ауқат Қоры» және оның портфельдік компаниялары жаңаша, ашық, әділ жұмыс жасап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жасасын»,- деді депутат.

Другие новости

Back to top button