Маңғыстау облысында бір топ жасөспірім кәмелеттік жасқа толмаған ерекше баланы соққыға жыққан
Маңғыстау облысы Құрық ауылында 8 жасөспірім 2009 жылы туған кәмелеттік жасқа толмаған Мейрамбек Рахымбердіге шабуыл жасаған. Жәбірленуші қазір ауруханада жатыр. Баланың ата-анасы бұл ұлына жасалған алғашқы шабуыл емес екенін айтып, кінәлілердің жазалануын талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Анасының айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында Мейрамбекті бір топ жігіт ұрып-соқан. Жарақат алғаннан кейін жасөспірімде ұстама пайда болған. Оған «2-дәрежелі эпилепсия» диагнозы қойылып, үшінші топтағы мүгедектік тағайындалды.
«Жағдайға кінәлілер жазаланған жоқ. Тергеу амалдары жалғасуда. Шабуыл 20 қыркүйек күні сағат 06:30 шамасында болған. Ұлы мен досы жергілікті дүкеннің жанында тұрған. Сол сәтте 8-10-ға жуық жасөспірім оны соққыға жыққан. Күдіктілер белгілі, олардың жеке тұлғалары анықталды. Алайда, қылмыстық іс әлі қозғалған жоқ. Полиция мен аудан прокуратурасы әрекетсіз. Күдіктілерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот-медициналық сараптама әлі тағайындалған жоқ. Біз әділдік пен қауіпсіздікті қалаймыз», — деді жәбірленушінің ата-анасы.