Госорганы

Маңғыстау облысын дамытуда ақпараттық технологиялар нарығын пайдалану керек — Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде маңғыстау облысының жастарын басқа да кәсіптерге ма мамандандыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Жаңаөзенде болған жарылыстың салдарын жою жұмыстарын тез арада бітіру қажет. Жалпы, Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады.

Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстар арнайы жоспар бойынша атқарылу керектігін атап өтті.

«Мысалы, бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпараттық технологиялар. Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл үлкен жұмыс. Бұл әкімнің, Үкіметтің құзырында тұрақты түрде болу керек», — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтіп жатыр.

Другие новости

Back to top button