Госорганы

«Мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма»: Сенатор қазақстандықтардың мәдениеті төмендеп кеткенін айтты

Сенатор Нұртөре Жүсіп жастар тәрбиесі мен халықтың мәдени деңгейі төмендеп кеткенін айтып,  үкіметтен тұжырымдамалық ұсыныстар  әзірлеуін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында халықтың мәдени деңгейіне қатысты проблемаларды көтерді.

“Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?», — деді Нұртөре Жүсіп сенаттың жалпы отырысында.

Депутат мемлекет тарапынан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Атқарылған жұмыстардың бәрінің түпкі мақсаты – елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздейді. Десе де депутат осының бәрі жеткіліксіз екенін айтты.

“Президент «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді? Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек қой. 20 миллион қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды”, – деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор депутаттық сауалда айтылған проблеманы шешуді көздейтін Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтауды және жедел әзірлеуді ұсынды.

Другие новости

Back to top button