«Люкті қайғылы оқиғадан кейін жауып қойды»: Алматы облысында кәріз ішіне түсіп мерт болған баланың анасы тың деректермен бөлісті
Алматы облысында үш жасар бала балабақша аумағындағы кәріз құдығына құлап, көз жұмған. Марқұмның анасы оқиға туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үш жасар Заңғар ойын алаңында достарымен ойнап жүріп, күтпеген жерден жоғалып кеткен.
Кәріз люкінің түбінен табылған кезде ол әлі де дем алып жатты. Бірақ ауруханаға жеткенше көз жұмыпты.
Қайғылы оқиға Қырбалтабай ауылындағы балабақшада болды.
«Олар маған хабарлады да, байланыстан ажырап кетті. Мен келгенімде ол енді тыныс алмады. Олар кәріз жабық болды деп сендіреді. Бірақ бұған сенбеймін. Олардың айтуынша, люкті ашқанда, ұлым ол жерде болмаған. Тек үшінші рет ашқанда табылыпты. Менің ойымша, ол бірнеше сағат бойы сонда жатты”, – деді баланың анасы Ақбота Сатқынбаева.
Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімі бала құлаған сәттен бастап ол табылғанға дейінгі уақыт 23 минуттан аспады дейді. Балабақша меңгерушісі оқиғадан кейінгі күні жұмыстан шығарылды.
“Білім бөлімі басшылығының бұйрығымен меңгеруші жұмыстан босатылды. Осы оқиғаға қатысқандардың барлығы, соның ішінде тәрбиеші кешеден бастап жұмыстан босатылды. Люк жабық болды. Кеше өзім келдім, көрдім”, – деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімінің бас маманы Зарина Бөлекбаева.
Мерт болған баланың туыстары люк осыған дейін жабық болды дегенге сенбейді. Олар құдықтың қайғылы оқиғадан кейін ғана жабылғанына сенімді.
Осыдан кейін кәріз құдығының қадай екенін көруге келдік. Барсақ, ол қайнатылған. Жаңа қайнатылғаны көрініп тұр. Бұған дейін ол ашық болған. Үш жасар бала оны өзі аша алмайды, өзі сол жерге бара алмайды. Оны қоршау керек еді. Мұнда жұмыс істейтіндердің бәрі – тәрбиешілер, менеджер, бәрі кінәлі. Егер немқұрайлылық танытпаса, мұндай жағдай болмас еді”, – деді Заңғардың атасы Әкімқожа Ынтымаев.
Қазір бұл оқиға бойынша полицейлер тергеу жүргізуде. Бақылау камераларынан бейнежазбалар тәркіленді. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Оған кінәлілер бес жылға дейін түрмеге жабылады.
Ал кішкентай Заңғар 14 қыркүйекте жерленді.
Бұған дейін Алматы облысында үш жасар бала балабақшада кәріз құдығына түсіп, көз жұмғаны хабарланды.