Легионерлерді шақыра беруге болады, бірақ олардың жалақысы бюджеттен төленбейді – вице-министр

Енді шетелден шақырылған, Қазақстан азаматы емес спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Парламент Сенаты тиісті заңды мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, қазір елімізде ойнап жүрген легионерлердің нәтижесі төмен.
«Мысалы футболды айтсақ, былтыр премьер-лиганың ішінде 14 клуб ойнаса, 325 футболшының ішінде 149 легионер болған екен, яғни елу пайызы. Хоккейде қазір 109 легионер бар, қалған спорт түрлерінде көп емес. Сондықтан осы заң қабылданғаннан кейін легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландыру тоқтатылады. Біз мұны федерациялармен алдын ала талқыладық, олар бәрінен хабардар», — дейді Жарасбаев Сенат кулуарында.
Бірақ бұл заң Қазақстанға легионерлерді тартуға тыйым салмайды.
«Егер болашақта бір аймақтық клуб өз қатарына басқа елдің спортшыларын шақырамын десе, оған тыйым салынбайды. Ол оны шақыра береді, бірақ оның жалақысын, келісімшартын, оған қажетті қаражатты бюджеттен тыс ақшадан, яғни демеушілік және басқа көздерден табуы керек», — деп түсіндірді вице-министр.