Главное

«Күйеуім менен 19 жас үлкен»: Әнші Индира Елемес алғаш рет отбасын көрсетті

Белгілі отандық әнші Индира Елемес “Қызықты weekend”бағдарламасында көпшілікті отбасымен таныстырып, балаларын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Әнші Индира Елемес бүгінде үш баланың анасы.

“Құрметті қазақ елі, Анна ханымның бағдарламасының тұрақты көрермендері! Менің тұңғышым, қызым Лейла, одан кейін ұлым Қажымұқан, әзірге кенжем Айлин. Лейланың жасы он үште. Көздері сәл маған ұқсайды. Қызымды нәзік деп айта алмаймын, мінезі баршылық, тікмінезді. Мінезі әкесіне ұқсайды. Жақсы қасиеттерінің бірі намысшыл. Бүгінде домбыраға қатысады. Басқа қыздар сияқты қыдырып, менен сұранбайды. Көбіне үйде болады. Ол жағы маған ұқсаған деп ойлаймын. Үлкен қызым өнерге қызықпайды. Тіс дәрігерінің оқуын Оңтүстік Кореяда оқығысы келеді. Мен үшін балаларымның қалауы бірінші орында. Шетелге жіберуге дайын емеспін, десе де әкесі екеуіміз қолдаймыз”, – дейді Индира Елемес.

Сұхбат барысында әнші 18 жасында тұрмысқа шыққанын айтып қалды.

“Негізі мен Лейланы босанғанда өзім әлі бала едім. Аналық сезімім күшті болды деп айта алмаймын. Себебі оқуым болды, жұмыс істедім. Лейлаға көп уақыт бөле алмадым. Нағыз аналық махаббатты мен ұлымды босанғанда сезіндім. Өйткені анам бес қызды дүниеге әкелген, ұл бала болмады. Алладан сұрап алғаны ұлым. Лейла екеуінің арасы 7 жас. Әкесін мешітке де, Меккеге де апарған осы бала. Кішкентай кезінен намазға деген құлшынысы оянып, сүре жаттады. Үшеуінің де мінезі әкесіне ұқсаған. Екі қыздың мінезі қатты болса, ұлым кешірімді. Үшінші қызым Айлин карантин кезінде дүниеге келді. Балабақшаға барады. Қажымұқан 1-сыныпқа өтсе, Лейла 8-сыныпта оқып жатыр”, – дейді өнер иесі.

Индира Елемес – Шығыс Қазақстан, Тарбағатайдың келіні.

“Күйеуім таза қазақ. Бірақ әр елге барсақ сол елдің тілінде сөйлейді. Содан кейін бе, көбі күйеуімді өз елінің азаматы деп ойлап қалады. Сырт келбеті де қазаққа ұқсамайды. Жас айырмашылығы бар. Күйеуім менен 19 жас үлкен”, – деп сөзін қорытындылады әнші күйеуі туралы айтудан бас тартып.

Алайда өнер иесі келесі  сұхбаттарда күйеуін көпшілікпен таныстыруға уәде етті.

Другие новости

Back to top button