Көз жұмған күзетшінің әйелі экс-депутаттың ұлын өмір бойына соттауды сұрады

Алматыда экс-депутаттың ұлы сабап өлтірген күзетшінің әйелі үкіммен келіспейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Информбюро31 мәліметінше, Нұрбол Қайыпбаевтың жары марқұмды көлігімен жаншып, өлімші етіп сабаған адамға 22 жыл аз дейді. Сондықтан, кінәлінің өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін қалайды. Марқұмның жесірі кешелі бері шарасыз күйге түскен. Үш айдан бері сот үкімін күткен Нұрбол Қайыпбаевтың жары кінәлі тиісті жазасын ала ма деп үміттенген. Алайда, сот қасақана азаптап адам өлтірген қылмыскерге жеңіл жаза тағайындады деп күйінеді.
— 22 жыл біз үшін аз. Жолдасымның өмірін қиғандықтан… Ол адамның жер басып жүруіне қарсымын. Мен болашағымды елестете алмаймын, балаларымды, алдыға қарай өмір сүруімізді ойлай алмаймын. Әкелерін бір сәтте жоқ қылғаны өте өкінішті. Балалар әлі де мойындай алмайды әкесінің жоқтығын, дейді марқұмның әйелі Әсем Молдахұнова.
Марқұм Нұрбол Қайыпбаевтың артында кәмелеттік жасқа толмаған 3 баласы қалды. Кенжесін былтыр күзде жетектеп, бірінші сыныпқа апармақ болыпты. Алайда, 45 жастағы азаматтың бұл арманы сол күйі орындалмады.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Былтыр жол талғамайтын көлікпен бірнеше рет күзетшіні басып, артынан сабап, басына секірген күдіктінің қылмысы видеоға түсіп қалған еді. Күзетші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген, алайда есін жимай қайтыс болып кеткен. Қатігездікке күзетшінің ата-анасының өтініші бойынша тұрғын үй кешенінің ауласынан ашуланған адамды босатпағаны себеп болған. БАҚ сол тұста ұсталған күдікті экс-депутаттың ұлы екенін жазған еді.
СОТТЫҢ ХАБАРЛАМАСЫ
Күдікті қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 5-ші тармағы (аса қатыгездікпен кісі өлтіру) және 147-баптың 5-бөлігі (адамның жеке өмірі туралы ақпаратты оның келісімінсіз тарату) бойынша айыпталған. Сот оны айыпты деп танып, 22 жылға соттады.
Сотталған адам Асқар Тастандиев. Жоғарғы кеңестің XIII шақырылымының депутаты болған әрі Талдықорған облысы прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарған Саламғазы Тастандиевтің ұлы.