“Көз жасын ұстау мүмкін емес”. Марқұм Шерзаттың 40 күндік асы берілді
4 қазанда Талғардағы төбелес кезінде қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың қырқы берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Ас өткені туралы Қаржаубаевтар отбасының құқығын қорғап жатқан адвокаттар Карина Көшербаева мен Саида Тәуекелова желіде жариялады.
Карина Көшербаева “бүгін Шерзаттың қырық күндік асы болды, көз жасын ұстау мүмкін емес” деп жазса, Саида Тәуекелова “кеше арамыздан Салтанат кеткеніне бір жыл, Шерзаттың кеткеніне 40 күн толды” деді ол.
“Бұл күндер олардың біз үшін қандай қымбат болғанын, жүрегімізде қалатынын еске салып тұрады. Олардың жарқын бейнесі әрдайым бізбен болғай” деп жазды адвокат.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.
12 қазанға қараған түні әлдекімдер марқұмның отбасының үйін өртеп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.