«Көрпеге қарап көсіліңдер»: Үкімет Тоқаевтың бұл сөзін қалай түсінеді
Вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров президенттің жолдауында «көрпеге қарап көсіліңдер» деген сөзін қалай түсінетінін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Биыл 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету мен Ұлттық қордың қызметі туралы бірқатар мәселелерді көтерген еді. Тоқаев мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу екенін айтқан Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керектігін ескерткен.
БАЙБАЗАРОВ НЕ ДЕЙДІ
“Көрпеге қарап көсілу дегенді Ұлттық экономика министрлігі қалай түсінеді? Қандай да бір ірі жобаларға бөлінген қаражат қысқартыла ма?” Осы сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі вице-премьер әрі министр Нұрлан Байбазаровқа қойды.
– Негізі бюджет шығындары 2020 жылдан бастап арта бастады. Өйткені пандемия болып, экономика тұрып қалды. Әлеуметтік салаға көңіл бөлу керек болды. Дәрігерлер мен мұғалімдерге, азаматтық қызметкерлерге жалақыны көбейту керек болды. Оның сыртында жыл сайын әлеуметтік төлемдер бар. Соларды жыл сайын индексациялау міндеті тұрды. Бұл қабылданған заңдар оны орындауымыз керек. Мұның бәрі бюджет шығынының ұлғаюына әкеп соқты, – дейді ол.
Байбазаровтың айтуынша, 2023 жылдан бері арнайы бюджеттік қағидалар жұмыс істеп жатыр. Ол бойынша, бюджет шығындарының өсу қарқынын ырықтандырып ұстап тұру көзделген.
– 2021 жылды қарасақ, ішкі жалпы өнімде бюджет шығыны 17 пайызға өсті. Қазір шығындардың өсу қарқыны 7-8 пайызға дейін түсіріп отырмыз. Шығындар әрине, жыл сайын өседі. Өйткені жыл сайын әлеуметтік төлемдердің бәрін көтеріп отыруымыз керек. Бұл нақты база. Басқа да өнімсіз шығындарды қысқартуды қолға алдық. Су тасқынымен күресте біз көп шығындарды Үкімет резервіне қайта алып, сол арқылы халыққа үй салып беріп жатырмыз. Оның бәрі бюджеттің өнімсіз шығындарын Үкімет резервіне шоғырландыру арқылы шешіп жатырмыз. Бұл жұмыс жалғасады, – дейді ол.
“СУ ТАСҚЫНЫ ЖАҒДАЙЫНАН АБЫРОЙМЕН ШЫҚТЫҚ”
Байбазаровтың сөзінше, шығындар биыл 1,7 трлн теңгеге өскен.
– Бұл мәселе жіті назарда. Өйткені шығындарды өсіре берсек, оны қуып жете алмаймыз ғой.
Ірі жобалар бюджеттік емес инвестиция көздерінен қаржыландырылады. 200 млрд теңгеге жуық ақшаны үнемдедік. Резервке әкеліп, сол арқылы су тасқыны салдарымен күрестік. Соның арқасында қазір бұл жағдайдан абыроймен шықтық деп ойлаймын, – дейді Байбазаров.
10 ТРЛН ТЕҢГЕ ДЕФИЦИТ
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров болжам бойынша республикалық бюджет кірісі 2025 жылы 15,6 трлн теңгені немесе 2025 жылы (ЖІӨ-нің 10,4%), 2026 жылы 16,7 трлн теңгені (ЖІӨ-нің 9,9%) құрайтынын мәлімдеген еді. Министрдің сөзінше, 2025 жылы бюджет тапшылығын 2026–2027 жылдары жалпы ішкі өнімге қатысты тиісінше 2,2%-ға және 1,9%-ға дейін төмендете отырып, жалпы ішкі өнімге қатысты 2,7% деңгейінде айқындау ұсынылады.