«Көрген адам қадала қарайтын сұлу еді»: Ақнәр Хамиттің анасы оны таныс қыздар қызғаныштан өлтірді деп санайды (ВИДЕО)

Алматыдағы беделді университеттің студенті, талапты бойжеткен Ақнәр Хамит бар болғаны 22 жасында қыршынынан қиылды. Марқұм былтыр шілде айында түнгі сағат 02.30 шамасында Amir тұрғын үй кешенінің 7 қабатындағы пәтердің терезесінен құлап, ауруханаға жеткен кезде жантәсілім етті. Бірақ Ақнәрдің жұмбақ өлімінің артында ел білмейтін жантүршіктірер сұмдық бар. Балдырғандай қыз ақтық демі үзілгенше азапталған еді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Бүйірі тебілген, білегі тістелген, мойынында қылқындырған іздер бар, кеңірдегі тырналған, тырнағы мен шашы жұлынған»,- деді қайғыдан қан жұтқан анасы Гүлістан Хамит.
Әйелдің қолында өзі айтқан қорлау әрекеттерін дәлелдейтін фотолар мен видеолар бар. Оның бәрін істеген Ақнәрді пәтерге алдап шақырған Р. мен Д. деген екі қыз дейді ол.
Ақнәр оқуынан бөлек, халықаралық компанияларда жұмыс істеген. Шағын бизнесін де жүргізіп, көрші елден киім-кешек алдырып, сатумен айналысып, нәпәқасын тапқан. Өлім түнінде оның таныс қыздары тауар алғысы келетінін айтып, пәтерге шақырған екен.
«Содан бір күн бұрын ғана жаңағы екі қыз WeChat мессенжерінен үшеуіне арнайы топ ашып, қызыма тауарларыңды осында сал, бізге көрсетші дейді. Ақнәр өзінің үстіне киіп, көйлек-көншекті көрсетіп, фотоларын жіберген. Қыздар тапсырыс береді. Қызым оларға тауарды апару үшін барған», — деді Гүлістан Хамит.
Бойжеткен сол пәтерге 19 шілдеде кешкі сағат 19.40-та кіріп, 20 шілде күні 02.54 терезеден құлайды. Содан бері жылға жуық уақыт өтті, полиция қаралы оқиғаны тергеп жатыр, тергеп жатыр… Нәтиже де шыққан жоқ, күдікті де табылған жоқ.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалуда. Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады», — деді Алматы қалалық полиция департаментінің өкілі.
Қылмыстық іс 105-бабы 1-бөлігі «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қозғалған. Гүлістан Хамит істі «Адам өлтіру» мен «Азаптау» баптарына ауыстыруды сұрап отыр, себебі ол Ақнәрді біреудің терезеден итеріп жібергеніне сенімді. Қызын әлдекімнің терезеден итеріп жібергені туралы бейнежазбаны да өзі тапқан.
«Психологиялық сараптамада стресске шыдай алмай, терезеден секіріп кетуі мүмкін депті. Мен бұған келіспеймін. Қызымнан жынды жасай алмай отыр. Ақнәр бала кезінен бергі мінез-құлқы туралы егжей-тегжейлі ақпаратты мен USB-флешке салып, қолдарына бергенмін. Қызымның оқу орны, жұмыс істеген компанияларының бәрі оған тамаша мінездеме берді. Достары оның білімпаз, мінезі жайдары, өмірге құштар болғанын айтып сағынышпен еске алады», — дейді әйел.
Оқиға болған түні Р. мен Д.-ның телефондары тәркіленбеген, екі күннен соң олар пәтерді жуып, тазалап тастаған. Бүгінде Р. мен Д.-дан қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған.
Қызының өліміне қатысы барларды тауып, жазалауды сұраған ана құқық қорғау органдарына сенуден қалған. Ол Президент әкімшілігіне де, Бас Прокуратураға да, ІІМ-ге де хат жазған. Бас прокуратура істі «дұрыстап» қарауды тапсырып, Алматы полицейлеріне қайта жолдаған. Сонымен-бірге екі қызды уақытша қамау изоляторына алсын деген қаулы шығарған, алайда қыздар анасының айтуынша, дәл қазір бостандықта тайраңдап жүр.
Біз Гүлістан Хамитпен сөйлесіп, полицияның тергеуді неліктен созбалаңға салып отырғанын сұрадық. Ана көңілінде үлкен күдік бар.
«Біреуді кінәлаудан аулақпын, бірақ жемқорлық бар ма деген ой бар. Маған келген бейресми ақпарат бойынша, 20 шілдеде сағат 11.00-де екі қыздың бірі Меңдіқұлова мен Жолдасбеков көшелері қиылысындағы Kaspi банкінен 8 млн теңге шешіп алады. 2GIS қосымшасынан қарасам, расында да сол мекен-жайда банктің филиалы бар екен. Осы мәселені айтып, полициядан анықтауды сұрадым. Құзырлы орган бүгінге дейін жауап берген жоқ. Қыздардың бірі студент, екіншісі екі жыл бұрын университеттен қуылған. Бір күнде 8 млн теңгені суырып алуы күмән тудырады», — дейді ол.
Қазір қылмыстық іс Алматы полиция департаментінде тұр.
«Бұған дейін айналысқан Бостандық ауданының тергеушісі мәйітті жуындырғандағы жарақаттардың фотоларын медициналық сараптама маманына бермеген. Одан кейін қайтадан сараптама тағайындады. Ал психологиялық сараптама кезінде, Ақнәр туралы USB-флешке жинап берген ақпаратыма қарамай, USB ашылмай қалды деген сылтау айтты. Өзім ІІМ-не өтінішхат жазып, сол жақтан тергеу тобы келіп, тағы да сараптама тағайындады. Менің құқық қорғау органдарына деген үмітім үзілді. Істі Бас прокуратураның өз қадағалауына алғанын сұраймын», — деді Ақнәрдің анасы.
Гүлістан Хамит отбасымен бірге 15 жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген. Бұрын мәдениет саласында қажырлы еңбек еткен. 2010 жылы 10 мың қытай қазағы ұлттық аспап домбырада бір сәтте бірыңғай күй тартып, Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Сол ауқымды жобаны ұйымдастырып, жетекшілік еткен осы Гүлістан Хамит болатын. Бүгінде көзінің қарашығындай болған Ақнәрінен айырылып, әділдік іздеп шарқ ұрып жүр.
«Ақнәр өте өнерлі бала болды, домбырада ойнап, ән айтатын. Көрген адам қадала қарайтын сұлулығы мен биязы мінезі тал бойына жарасып тұратын еді. Мектепті үздік аяқтап, КИМЭП үниверситетінің студенті атанды. Белсенді болды, кино саласына да араласып, бейнебаянға түсті. Бес тілді жетік білді. Жас та болса, өзі табыс тауып, саудамен айналысты. Ондаған халықаралық компанияда аудармашы болып жұмыс істеді», — деп еске алады анасы Гүлістан.
Гүлістан Хамитова Ақнәрді азаптаған қыздар оның жетістігін көре алмай, іштарлық танытып, зұлымдық жасаған деп ойлайтынын да жеткізді. Біз осы мәселеге қатысты Алматы қаласының полиция департаментінен комментарий сұрадық. Сондай-ақ адам өліміне қатысты тергеудің ұзаққа созылуына қатысты Алматы қаласының прокуратурасы мен Бас прокуратураға сұрау жолдадық.