«Көк тиын жинаған жоқпын»: Мақпал Жүнісова бала тәрбиесіне қатысты өз ұстанымын айтты (видео)
Әнші Мақпал Жүнісова бала тәрбиесіне қатысты өз ұстанымдарымен бөлісті. Ләйлә Сұлтанқызына сұхбат берген эстрада әншісі қызына мұраға тек үйін қалдыратынын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әншінің сұхбатының үзіндісін Instagram парақшасына жариялап қойған. Мақпал Жүнісова бар тапқанын туыстарына таратып беретінін айтты.
«Мен негізі көп тойға тегін барамын. Өйткені менің құда-құдағиларым көп. Біз көп ағайындымыз. Енді мен «Құдалар маған төлесін» деп айтпаймын ғой. Мен қалай ақша жинаймын, солай таратып беремін. Өзімнің туғандарыма, жиен қыздарыма, бүкіл әулетке таратып беремін», — деді әнші.
Өнер иесінің айтуынша, ол қызына мұраға қалдыру үшін қаражат жинамаған. Жүнісова қызына мұраға тек үйін қалдыратынын жасырмады.
«Өзімнің қызыма көк тиын жинаған жоқпын. Қызым «Сен маған ақша жинап жатырсың бе?» дейді. Мен оған «Қызым неге мен саған ақша жинауым керек» дедім. Менің әкем маған ақша жинаған жоқ. Әкем шопыр болған. Олар мені өмірге әкелді, оқытты, соған тәубе.
Дайындап берсем, өзің қиналасың. Бәрі уақытша, мен мәңгілік емеспін. Сен қазірден бастап өзіңе жоспар құр. Өзің «Қай жағы маған ыңғайлы», «Қалай ақша табамын» деп ойлануың керек. Төрт тіл біледі екенсің» дедім.
Сосын ол ағылшын тілінен сабақ беріп, жұмыс істеді. Айына 140 мың теңге алды. Бірінші рет ақша тапты. Қуанып келеді, өзі үйренді. Қазір маған ондай сұрақ қоймайды. Қызыма мұраға үйімді қалдырамын», — деді Мақпал Жүнісова.