Госорганы

«Кім көрінгеннен жаман сөз естігіміз келмейді»: Ринат Зайытов такси қызметіне енетін өзгерістер туралы айтты

Елімізде такси қызметін өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуға міндеттеу жоспарланып отыр. Парламет Мәжілісінде тиісті заң жобасы талқыланып жатыр. Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов көлік министрі Марат Қарабаевқа сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты өз сөзінде такси қызметін кіші кәсіпкерлікке теңеп, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын палаталарға неліктен бермеске деген ұсынысын білдірді.

«Марат Кәрімжанұлы, бізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын бір емес екі палата бар. Жол тасымалдау деген кіші кәсіпкерлік қой. Неге солар басқара салмайды. Бәріне бір-бір қожайын тауып береміз.

Осыған байланысты екі сұрағым бар, осыншама таксистерді отарлаудың қажеті қанша? Екінші сұрағым, өзіміз таксимен күнде жүргеннен кейін кім көрінгеннен жаман сөз естігіміз келмейді, олар өзі шулы қауым, ертең дүрлігетін болса, жауапкершілікті өз мойныңызға аласыз ба?» — деп «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов көлік министрі Марат Қарабаевқа сұрақ қойды.

Өз кезегінде ведомство басшысы өзін өзі реттеу ұйымы қарапайым такси жүргізушілерінің мүддесін қорғайтынын айтып өтті.

«Мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкершілікті өз мойныма аламын. Ал бірінші сұрағыңызға тоқталсам, такси жүргізушілерін бірнеше рет жинадық, министрлікте де, жеке де.

Шыны керек, алпауыт интернет агрегаттардың қасында олардың құқығын қорғайтын ешкім қалмады. Сондықтан олар өзін өзі реттейтін ұйымға мүше болған соң олардың қабылдаған қағидасында ең алдымен біздің қарапайым жүргізушілеріміз өздерінің құқықтарын қорғайтын талаптарды қоя алады. Сол себепті мен айтқан 10 мың кісі ресми такси ретінде оператор болған. Міне осы себепті өзін өзі реттеу ұйымы Қазақстандағы қарапайым жүргізушілердің құқығын қорғауға бағытталған», — деді Марат Қарабаев.

Айта кетейік, көлік министрі Марат Қарабаев такси платформалары өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу туралы талапты орындамаса, қызмет ету құқығынан айырылатынын атап өтті.

Другие новости

Back to top button