Интервью

Кез келген дін терроризм, экстремизм секілді адам өміріне қауіп төндіретін дүниелерге қарсы

Бибігүл Жексенбай - Сенат төрағасының кеңесшісі

14-15 қыркүйекте Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Съезд хатшылығын ҚР Парламенті Сенаты басқарады және ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі Сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбаймен кездесіп, жетінші рет өтетін жиынның маңызы жөнінде сұхбаттасты.

− Бибігүл Нұрғалиқызы, уақыт бөліп, сұхбатқа келгеніңіз үшін алғыс айтамыз! Алдымен бұл жиынның маңызына тоқталайықшы, жетінші рет өткелі отырған дін көшбасшылары съезі елімізге не береді?

 Расында да, дәл қазіргі ХХІ ғасырда адамдар арасындағы түсіністік тапшылыққа айналған заманда әлемдік дін көшбасшыларының бас қосып, өзара пікірлесуі өте маңызды деп ойлаймын. Қазақстан барша дінбасының жетінші рет бас қосуына мұрындық болып отыр. Егер мұның маңызы болмаса, жетінші рет әлемнің діни көшбасшылары жиналмас еді. Ең алғашқы съезге 17 елден делегация жиналса, биыл 50-ге жуық мемлекеттен қонақ келеді. Бұл бізідң съезге әлемдік деңгейдегі сұранысты көрсетеді. Пандемиядан кейін діни көшбасшылар жиыны бірінші рет өткелі отыр. Бұл дәстүрлі дін жетекшілерінің қызығушылы жоғары екенін, ортақ талқылайтын тақырыптар жиналып қалғанын да білдірсе керек.

Біздің ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да осы съездің маңызы зор деуге болады. Сыртқы саясатта, әрине, ең бірінші кезекте Қазақстан әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелерге өз үлесін қоса алатынын, яғни бітімгершілік миссиясын тағы бір дәлелдеп отыр. Бұған дейін еліміз Сириядағы жағдайға байланысты «Астана» кездесулерін өткізіп, диалогтың орнауына үлес қосқан еді. Дәл қазіргі уақытта халықаралық шиеленістер мен мемлекеттер арасындағы қақтығыстар күшейген заманда, адамдардың бір-бірін тыңдаудан гөрі менменшілдігі жоғары заманда мұның маңызы зор. Қазіргі ең үлкен құндылық – адамның өмірі екенін съезге жиналатын дін көшбасшылары тағы бір түйіндейді деп ойлаймын.

Ішкі саясатқа келсек, жасырары жоқ, Қаңтар оқиғасы кезінде бәріміз үлкен қасіретті, жан күйзелісін сезіндік. Бұл ретте Ислам дініне байланысты көп сұрақтар туындағаны рас. Исламды жамылып, теріс бағытты насихаттап жүргендер әлемде де, елімізде де бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан осы жиында дәстүрлі Ислам дінін ұстану қажеттігі, дәстүрлі діннің негізгі миссиясы – адамзат баласына зиян тидірмеу жөнінде салмақты ой айтыларына үміттімін.

− Тәжірибелі журналист ретінде сіздің пікіріңіз маңызды, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары дін тақырыбындағы материалдарды қалай беріп жүр? Оған сіздің көңіліңіз тола ма?

 Шындығын айту керек, 30 жылда діни сауатты өзіміз де ала алмадық, аудиторияға да дұрыс жеткізе алмадық. Бұл тұрғыда жәй есеп, жасанды отырыстар, сондағы мардымсыз ақпартпен ғана шектеліп қалдық. Анығында діни сауат дегеніміз – үлкен еңбек, үлкен жұмыс екенін көріп отырмыз. Жасыратыны жоқ, адасып жүрген жастардың көптігі бұл бағытта БАҚ-тың да, мемлекеттің де, діни басқарманың да ойдағыдай жұмыс жүргізе алмай жатқанын көрсетеді. Сондықтан, съезге мұсылмандар әлеміндегі ең мықты дін көшбасшыларының келуі арқылы осы мәселеге тағы бір назар аударуымыз керек деп ойлаймын. Діннің тек сыртқы келбет, жай сөз емес екені, дінге сенім ең алдымен жүректе болатыны, жүрекпен сезіну керектігі тағы бір шегелеп айтылады деп ойлаймын.

Жалпы 90-жылдардан бері дінге қатысты көптеген мәселелер болды, өзім де журналист-репортер ретінде түрлі теріс ағымдардың, ислам дінін жамылған түрлі секталардың көбейгеніне куәмін. Сол теріс пиғылды секталарға бірінші кезекте жастардың ілінгені өте өкінішті, 90-жылдары да, екі мыңыншы жылдары да, қазір де діни сауаттың төмендігінен жастар құрбан болып отыр. Менің ойымша, діни сауатты арттыруға қатысты мемлекеттік деңгейде де, түрлі қоғамдық ұйымдар деңгейінде де көбірек атсалысып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек.

− Алдыңғы съезде БАҚ өкілдерін терроризм мен дінді теңдестіруге болмайтыны айтылды. Ақпарат құралдары дін мен терроризмді бөліп көрсете алды ма, бұл тақырыпта тілшілер қандай қағиданы есте ұстауы керек?

 Егер журналист бұл тақырыпты бұл тақырыпты терең зерттемеген болса, діни сауаты болмаса, сарапшылардың пікіріне жүгініп, теологтарға құлақ асуы керек. Әрине терроризм мен Исламды теңестірген жағдай тек қана Қазақстанда емес, шет елдерде де, әсіресе АҚШ-та 11 қыркүйек оқиғасынан кейін белең алды. Әрине, бұлай бағалауға болмайды. Кез келген дінбасы дін мен терроризмді ешқашан байланыстырмайды. Өйткені, кез келген дін терроризм, экстремизм секілді адам өміріне қауіп төндіретін дүниелерге қарсы. Терроризм мен экстремизм – арнайы бір мақсатқа жұмыс істейтін жекелеген секталар, саяси әлде экономикалық ұйымдардың мүддесіне жұмыс істейді. Сондықтан бұл тұста біз сарапшылардың және теологтардың пікіріне сүйеніп материал әзірлеуіміз керек.

Жалпы салалық журналистика мәселесі көптен бері қозғалып жүр, мысалы қазір ауыл шаруашылығы, экономика, мәдениет, ағартушылық және діни бағытта маманданған журналистер қажет. Мен де Бас редакторлар клубының жетекшісі ретінде бұл мәселені түрлі жиындарда көтеріп жүрмін. Мұндағы басты мәселе – бізде мамандандырылған ақпарат құралдарының аздығы. Мысалы дінге байланысты тек қана мешіттер маңайында шағын сайт, газеттер жұмыс істейді. Басқа аудандық, облыстық, республикалық деңгейде арнайы бағдарламалар, арнайы айдарлар тұрақты шығуы керек шығар, балалар басылымына да діни сауатқа қосымша бет қажет шығар. Мысалы, теріс бағыттағы күмәнді ұйымдар жаңа медиада, әлеуметтік желіде өте көп. Сондықтан аудитория үшін ақпараттың дұрыс-бұрыстығын бағамдау қиын болып кетті. Бұл тұрғыда шынымен де арнайы мамандандырылған журналистерді әзірлеуіміз керек, бұл бағытта мемлекет, Үкімет тарапынан арнайы гранттар бөлу арқылы жастарды оқыту керек. Дін бағытында маманданған адам Ислам ғана емес, буддизм, католицизм, иудаизм жөнінде ақпар бере алатындай сауатты болуы керек, бәлкім тек Қазақстанда емес, Мысырда да, Үндістанда, Израильде, Ватиканда да білім алуы керек шығар. Журналист жан-жақты білімді болғанда ғана сапалы, сауатты материалдар ұсына алады.

Айтпақшы, биылғы съезге Рим папасымен бірге сапарлайтын 80-ге жуық журналист келеді. Одан басқа съезд жұмысын, Рим папасы сапарын хабарлайтын әлемнің түрлі елінен 100-ден астам журналист бар. Оларға бірнеше баспасөз орталығы даярланып жатыр. Біздің журналистер үшін шетелдік әріптестерінің келуі кәсіби тұрғыда деңгейін көтеруге де оң әсер береді деп ойлаймын. Олардың барлығы бір баспасөз орталығында жұмыс істейді, қаншама тікелей эфир түсіріледі, аймақтағы көрермендер съезд барысын тікелей эфирден тамашалай алады.

 

− Әлемдік тәжірибеде дін көшбасшылары съезі секілді ұқсас, балама жиындар бар ма? Бұл съезді әлі де жүйелі түрде өткізіп тұру қажет пе?

 Жиындарға келсек, Еуропада дін басшыларының арнайы сарайын салу ұсынылғанын жаңалықтардан оқыған едім. Ислам дінінің көшбасшылары бөлек басқосу өткізеді, католиктердің жеке жиыны өтеді. Бірақ, барлық дінбасыларының бір жерге тоғысатын ортасы – біздің Қазақстанның съезі деп айтуға болады. Әр съезге ең беделді діни жетекшілердің келуі де жоғары деңгейдегі алғашқы алаң екенін көрсетеді.

Бұл съезді өткізу қажеттілігі әлі де бар, өйткені қазір жаңа технологиялар, цифрлық жүйелер дамып жатыр, ақпарат легі өте көп. Ақпаратты да адамнан емес, жасанды интеллектіден алу қалыпқа айналды, адамдар бір-бірін тыңдаудан қалып, өз-өзімен сөйлесіп отыра беретін кезге жеттік. Ал дін көшбасшыларының негізгі миссиясы – диалог орнату. Яғни арадағы қарым-қатынасты жақсартқанда, бір-бірін тыңдайтын, түсіне алатын кезде ғана әлемдік деңгейдегі қақтығыстар, шиеленістер, соғыс тоқтайды. Кез келген діннің негізгі миссиясы – адам өміріндегі жақсылық пен ізгілік дамыту, Торада, Інжіл мен Құранда да адамға жамандық жасамау керектігі айтылады. Ал соғыс өрті, шиеленіс, қақтығыста ең алдымен адам зардап шегеді. Осы тұрғыда съезге қажеттілік жоғары деп ойлаймын, сұраныс болғандықтан да әлемдік дін көшбасшылары бір үстелге жиналуға ниеттеніп отыр.

 Қазақстан осы жылдар бойы «Келіссөздер үстелін» қалыптастыра алды ма? Осыған дейін қабылданған съезд қарарлары қандай нәтиже берді? Қандай діни түйткілдер шешімін тапты?

 Съезд нақты бір шиеленісті шешті деп айту қиын, себебі бұл үлкен саяси процесс. Дінбасыларының негізгі міндеті – айту, жақсылыққа шақыру. Қазіргі уақытта дінге сенім қай мемлекетте қандай екенін айту қиын. Оның үстіне жаңа технологиялардың дамуы адамдарды діннен алшақтатып барады. Сондықтан, бұл съезде айтылған әңгіме қанша жүрекке жететінін де айту қиын. Дегенмен үлкен саясатта жүрген тұлғалар оған құлақ асады деп ойлаймын. 11 қыркүйектегі жарылыстан кейін белең алған Ислам дінін қаралау, күйе жағу да осы съезден соң азайғаны рас. Сириядағы жағдайға да «Астана» келіссөзі өз әсерін тигізді деп ойлаймын. Жалпы бұл жерде қабылданатын декларациялар міндетті түрде орындалатын келісімшарт болмағандықтан, нәтижесін өлшеп-айқындау өте қиын. Съездің міндеті –ойдың айтылуы, оны үлкен аудиторияға, адамдардың санасына жеткізу, жүректерге жол табу.

Жалпы Рим папасының, дін көшбасшыларының елордаға келуі Қазақстанның берекелі, бақуатты, зайырлы мемлекет екенін көрсетеді. Берекелі үй ғана қонақ шақырып, дастархан жая алады. Съездің жетінші рет өтуі де – еліміздегі тұрақтылықтың, тыныштықтың, бейбітшіліктің бір көрінісі. Әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін түрлі сұрақтар туындады, оған дейін пандемия болды. Сондықтан да үлкен шараның ұйымдастырылуы елімізге туризммен қатар, саяси, мәдени, рухани, инвестициялық, экономикалық тұрғыдан да сенім білдіру деп ойлаймын.

 Биыл әлемнің түкпір-түкпірінде геосаяси қақтығыстар көбейді. Әсіресе, Украина мен Ресей, Палестина мен Израиль шиеленісін айтуға болады. Дін көшбасшылары бұл мәселеге пікір білдіруі мүмкін бе?

 Бұл тақырыптар бұған дейін де көтерілді. Дін көшбасшылары съезіндегі негізгі тақырып – пандемиядан кейінгі адамзат баласының руханиятқа ден қоюы болмақ. Баршамызға белгілі, коронавирус кезінде құндылықтар өзгерді, ең үлкен құндылық – адамның денсаулығы мен күнделікті қарым-қатынас, бір-біріне деген сенім, түсіністік екенін көрдік. Сондықтан пандемиядан кейінгі негізгі құндылықтар, руханиятты дамыту, сенім мен төзім, әр мәселенің астарына үңілу мәселелеріне назар аудару керек. Тұтас әлемде материалдық құндылық алдыңғы қатарға шыққаны рас. Ал пандемияда оның еш құны жоқтығы, тіпті қажет болмай қалатыны көрінді.

Тағы бір маңызды тақырып – съездің 20 жылдық тарихында алғаш рет әйелдердің қоғамдағы рөлі талқыланады. Кей дінде әйелдің маңызын бағаламау мәселесі бар, ол білместіктен деп ойлаймын. Дәстүрлі дінде әйелдің қоғамдағы, отбасындағы рөлі ешқашан төмендетілмеген. Мұнда да жақсы, құнды ойлар айтылады деп ойлаймын. Тағы бір үлкен тақырып – цифрландыру заманындағы адами құндылықтарға баса мән беру және оны халық арасында дұрыс жеткізу, насихаттау болмақ.

− Рим Папасы Францисктің Қазақстанға келуі де Батыс елдерінің назарын аударары анық. Бұл сапардың еліміз үшін саяси салмағы қандай? Рим Папасынан бөлек, съезге қандай танымал қайраткерлер келеді?

 Бұған дейін де 2000 жылдары елімізге Рим Папасы Иоанн Павел ІІ келген еді. Бірақ ол ресми сапармен келіп, дін көшбасшылары съезіне қатыспаған еді. Биылғы съезге Рим папасы деңгейіндегі мәртебелі дінбасы бірінші рет қатысқалы отыр. Бұл жолы Рим папасы ресми сапарға да, Съезге де келеді. Ондағы тақырыптарды талқылап, съездің жабылу салтанатына арнайы қатысады. Мұны Рим папасының Қазақстанға деген құрметі деп бағалаған жөн.

Әрине Рим папасы – жаһандық саясатта салмағы бар маңызды тұлға. Кей есептер бойынша әлемде 1 миллиардқа жуық католик бар. Олардың арасында танымал саясаткерлер, ірі кәсіпкерлер өте көп. Яғни Рим папасының съезге қатысуы – діни ғана емес, үлкен саяси қадам, Қазақстан үшін жақсы қадам деп ойлаймын. Рим папасы Франциск әлемдегі саясатқа байланысты, Ресей мен Украина жөнінде пікірлерін ашық айтып жүр. Халықты бейбіт өмірге, диалог пен келіссөздер арқылы барлық мәселені шешуге шақырып жүрген адам. Осы съезде де өз ойын ашық айтады деп ойлаймыз.

Одан бөлек, съезге ислам әлеміндегі өте беделді тұлға, Мысырдағы әл-Азхар ислам орталығының жоғарғы имамы шейх Ахмет ат-Тайеб келе жатыр. Ресей мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі Равиль Гайнудтин, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф құрметті қонақтар қатарында. Сонымен бірге, БҰҰ, ЕҚЫҰ өкілдері съезд жұмысына қатысады. Бұл да съездің тек қана дін бағытында емес, саяси бағытта да рөлі бар екенін көрсетеді.

− Рим папасымен келіссөздер қалай, қанша уақыт жүргізілді? Шақыртуға бірден келісім берілді ме?

 Осыдан бір жыл бұрын ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Ватиканға арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан съезге шақыртуды ұсынған болатын. Ұсыныс бірден қабылданды. Рим папасы уәдесінде тұрды, пандемия жағдайына, түрлі саяси оқиғаларға, көршілес елдердегі шиеленіске қарамастан сапарынан бас тарқан жоқ. Ол Қазақстандағы съезд жұмысына да қатысып, ресми сапар жасауды да ұйғарғанын хабарлады. Бұл ең бірінші кезекте Қазақстанға, қазақ халқына, Мемлекет басшысына деген сенім мен құрмет.

Ел арасында Рим папасының келуіне байланысты қаржылай шығын көп, басқа дін өкілін шақыру қажет пе еді, керегі не деген түрлі пікір айтылып жүр. Рим папасы қымбат қонақ үйлерді, арнайы жағдай мен күтімді қажет ететін адам емес. Қауіпсіздік мақсатында делегациялардың қайда тоқтайтыны айтылмайды, бірақ Рим папасы да, басқа дін көшбасшылары да ерекше салтанатты қажет етіп отырған жоқ. Өйкені дінге шынайы сенген жандар материалдық құндылықтарға, сый-сыяпатқа, айрықша құрметке зәру емес, тіпті дастарханның аста-төк ысырап болуын құптамайды. Сондықтан, дәл осы съезге байланысты қаражат көп жұмсалды деген пікірлер негізсіз. Қонақтардың көпшілігі Қазақстанға өз есебінен келе жатыр, өйткені олар діни тұрғыда басқаларға қарызданбауға, ақы жемеуге баса мән береді.

Сондықтан бұл съезді ұйымдастыруда ұтпасақ, ұтылатын тұсымыз жоқ. Рухани тұрғыда, экономика, инвестиция, туризм, ағартушылық, қоғамды ізігілендіру жағынан да қайтарымы мол шара болмақ. Дін көшбасшыларының жиналуының өзі қоғамды ізгілендіруге, Қазақстанды үлкен берекелі үйге айналдыруға көмектеседі деп ойлаймын.

 Биылғы съезд аясында қандай қызықты шаралар ұйымдастырылады? Оған тұрғындар мен туристер қалай қатыса алады?

 Биылғы съезд ел ішінде «Пирамида» атанып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайында емес, Тәуелсіздік сарайында өтеді. Өйткені бұл жиынға 50-ден аса дін көшбасшылары және көптеген халықаралық ұйымдардан өкілдер келеді, ақпарат тарату үшін 560-тан астам журналист аккредиттеуге өтінім берген. Осылайша, адам саны көп болғандықтан съезді үлкенірек ғимаратта өткізу туралы шешім қабылданды.

Съезд аясында елордамызда Бейбітшілік және келісім саябағы ашылады. Онда әрбір дін көшбасшысы ағаш отырғызу рәсіміне қатысады. Бұл шара символикалық тұрғыда өте маңызды, өйткені әрбір дін көшбасшысы еккен ағаш руханиятқа егілген бір тал шыбық болып саналады. Оның үлкен саябаққа айналуы – біздің руханиятымыздың да дамуын білдіргендей. Бұл туристер қызыға келетін саябаққа айналады деп ойлаймын, олар әрбір дін көшбасшысы еккен ағашқа барып, саялай алады. Одан басқа, Бәйтерек монументі жанында съезд тарихынан мол мағлұмат беретін аспан астындағы көрме ашылды. Өздеріңізге белгілі, Бәйтеректе дінбасылар қолы қойылған ескерткіш бар, бұл да соның жалғасы іспетті.

Съезд қарсаңында ел өңірлерінен және шетелден келетін қонақтарға түрлі мәдени шаралар да жоспарланған. Танымал әншіміз Димаш Құдайберген арнайы ән жаздырды, осы съезде әннің тұсауы кесіледі. Орталық концерт залында алуан түрлі этнос оркестрлері бірге концерт өткізіп, Гиннестің рекордына енді. 12 қыркүйекте Бәйтерек монументі жанында ұлттық мұрамызды дәріптейтін «The Voice of Great Steppe» этнофестивалі өтеді.

14 қыркүйекте ЭКСПО аумағында Рим папасының қатысуымен қасиетті месса ұйымдастырылып, дұға оқылады. Католик дінін ұстанатындар үшін бұл үлкен салтанат болғалы тұр. Басқа да қызығушылық танытқан жандар танымды кеңейту мақсатында қатыса алады. Ол үшін kassir.kz сайтында тегін тіркелу керек. Әдетте католик дінін ұстанатын көптеген туристер Рим папасы жүрген жерге қызығушылық танытып, саяхаттап барады. Демек, алда көптеген турист Қазақстанды жаңа мемлекет ретінде ашады. Қазақстанға жол түсуі қиын болып, алыс деп келмеген туристер Рим папасы сапарынан кейін қазақтың жерімен, мәдениетімен танысады деп ойлаймын. Инвестиция саларда да кез келген кәсіпкер елдің жай-күйіне, ондағы тыныштыққа, тұрақтылыққа қарайды. Сол тұрғыдан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің пайдасы өте мол болмақ.

− Мазмұнды сұхбат бергеніңіз үшін тағы да рахмет!

 

 

Другие новости

Back to top button