«Кесір тілігінен кейін төрт айдан бері комада жатыр»: жауапты басқарма мән-жайды түсіндірді
Шымкентте болған оқиғаға қатысты босанған әйелдің жолдасы әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады
Шымкент қаласының Тахир есімді тұрғыны әлеуметтік желідегі пабликтердің біріне жансақтау бөлімінде жатқан әйелінің бейнежазбасын жариялап, оның қалалық №6 перзентханада төрт айдан бері комада жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ер адамның сөзіне сенсек, 2022 жылдың 22 қыркүйегінде оның әйелі Луиза Алдияров көшесінің бойындағы нөмірі №6 перзентханаға кеткен. Әйеліне жедел түрде кесір тілігі жасалған.
«Операциядан кейін әйелім комаға түсіп, міне, төрт айдан бері сол қалпында, ес-түссіз, ауыр хәлде жатыр. Енді дәрігерлер оны осы күйінде үйге шығармақшы», — дейді ер адам бейнежазбада.
Azattyq Ruhy тілшілері оның өзімен хабарласуға тырысып, бірнеше мәрте телефон шалды. Алайда, ол тұтқасын көтермейді. Ал, Луизаның ағасымын деген ер адам жағдайды оның күйеуі айтсын деп сұхбат беруден бас тартты.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі болса науқас үйге емес, басқа ауруханаға ауысатынын хабарлады. Әйелдің ісіне қатысты Денсаулық сақтау басқармасы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан тексеру жүргені белгілі болып отыр.
«Операциядан кейінгі кезеңде пациенттің бүкіл денесінде кенеттен аллергиялық реакция, гипотензияға әкелген анафилактикалық шок болған, жүрек қызметі тоқтаған. Жүрек-өкпе реанимациясы толық көлемде, уақтылы жүргізіліп, жүрек қызметі қалпына келтірілген. Денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында. Астана қаласының Ұлттық координациялық жедел медицина орталығының мамандарының қатысуымен телемедицина арқылы бірнеше рет кеңес өткізілген. Емдеу тактикасы Республикалық орталықтарының мамандарымен және Шымкент қаласының білікті мамандарымен келісіп жүргізілген», — дейді ресми ақпарат берген қалалық Денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің сөзіне сенсек, қазір науқастың «санасы терең қысымына байланысты оған неврологиялық оңалту және мұқият күтім қажет».
«Осыған байланысты, Денсаулық сақтау басқармасының қатысуымен өткен дәрігерлік кеңестің шешімі бойынша әрі қарай оңалту үшін N2 қалалық ауруханаға қарасты неврология бөлімшесіне ауыстырып, ем жасалып жатыр», — дейді Шымкент қалалық ДСБ баспасөз қызметі.