Главное

Кейінгі жылдары дәрілік заттардың бағасына қатысты 240 млн теңгеге айыппұл салынды

Дәрі-дәрмек нарығында 2023 жылы заңсыз өнімдер анықталды.

«Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген дәрілік және медициналық заттарды өткізу мен сақтау бойынша 2022 жылы 26 әкімшілік хаттама жасалды және 8,9 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Ал 2023 жылы 66 әкімшілік хаттама жасалып, 36,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл тіркелді», — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар ведомство ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес препаратты бекітілген шекті бағадан жоғары сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

«Казіргі кезде дәрі-дәрмек бағасына қатысты шағымдар болған жоқ. 2020-2023 жылдары дәрілік және медициналық заттарға қатысты бағаны бақылау аясында 244,8 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, шекті бағадан асып кетудің 923 фактісі анықталды», — деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Мәселен, 2020 жылы 237,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, шекті бағадан асып кетудің 863 дерегі тіркелді. 2021 жылы 5,2 млн теңгеден астам айыппұлмен осындай 41 факті анықталды.

Сонымен қатар, 2022 жылы шекті бағадан асып кетудің 7 дерегі (1 млн теңге айыппұл), 2023 жылы 12 дерек (2,1 млн теңге айыппұл) тіркелді.

Другие новости

Back to top button