«Кейде басып кетеміз»: Ақтөбе тұрғындары үрей құшағында өмір сүріп жатыр

Ақтөбенің Алтынорда шағын ауданында көпқабатты үйлердің ауласын жылан жайлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Астана» телеарнасының мәліметінше тұрғындар балалар алаңында, көшеде, жол бойында бауырымен жорғалаушыны жиі кездестіріп, үреймен өмір сүріп жатыр.
Балалар алаңында түсірілген бейнежазбадан балалар жорғалап бара жатқан жыланды көріп, шошып жатқанын көруге болады. Тұрғындар күн жылығалы аулада, көше бойында сұр жорғалаушыны жиі көретін болған.
«Ауламызға жылан кіреді. Жолда да жылан жүреді. Арасында басып кетеміз. Кішкентай балалар жүгіріп барып ұстап алғысы келеді. 2 жасар бала қорқуды білмейді ғой», — дейді қала тұрғыны Баян Ажғалиева.
Мамандар да бұл кәдімгі улы сұр жылан екенін растап отыр. Адамды өздігінен шақпайды. Бірақ шақса, өте қауіпті дейді. Аналық жыландар сегізден он екіге дейін балалап, сол маңда жайлап алуы мүмкін екен. Сондықтан тұрғын үй маңынан жыландарды аулап, орын ауыстыру қажет екенін айтып отыр.
«Құрылыс салуға рұқсат бермес бұрын эколог, биологтар сол жердегі тіршілік иелерінің барлығын қала сыртына ауыстыру керек. Жер қазылады. Үй салынады, плита қойылады. Бұл жыландар плитаның ішінде қалып қояды. Жалпы жыландарды қала сыртына шығарып, басқа жаққа шығарған дұрыс деп ойлаймын», — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті биология кафедрасының аға оқытушысы Әбдімұрат Әдбікәрімов.