Ғылым және техника

«Касперский зертханасы» Интерпол қызметкерлері үшін киберқауіпсіздік бойынша тренингтер өткізді

«Касперский зертханасы» Интерпол қызметкерлері үшін киберқауіпсіздік бойынша бірқатар сараптамалық онлайн-тренингтер өткізді. Барлық курстардың авторлары өз саласындағы тәжірибеші сарапшылар, соның ішінде Ғаламдық қауіп-қатерді зерттеу және талдау орталығының (GReAT) және Kaspersky Global Emergency Response Team ғаламдық кибер оқиғаларға ден қою тобының (GERT) мамандары болды.

2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында Интерпол қызметкерлері «Касперский зертханасы» мен Интерпол арасында 2019 жылы қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде «Реверс-инжиниринг 101», «Мақсатты зиянды бағдарламалық жасақтаманың реверс-инжинирингі» және «Windows-тегі оқиғаларға ден қою» тренингтерінен өтті. Оқыту GReAT және GERT сарапшыларымен сұрақтар мен жауаптар сессияларымен қатар жүрді. Бүкіл тренинг виртуалды зертханадағы сабақтарға — қауіпсіз онлайн кеңістікке негізделген.

Интерпол қызметкерлері арасында ең танымал тренинг «Мақсатты зиянды бағдарламалық жасақтаманың реверс-инжинирингі» болды. Бұл тренингте олар нақты зиянды бағдарламалық жасақтаманы талдауды, зиянды құжаттар мен эксплойттардың реверс-инжинирингін жүргізуді, сондай-ақ реверс-инжинирингке арналған құралдардың кеңейтілген мүмкіндіктерін зерттеді.

«Реверс-инжиниринг 101» тренингінде ассемблер және Go тілдерінің негіздеріне, сондай-ақ C++ тілінде жазылған бағдарламалардың реверс-инжинирингін жүргізу тәсіліне және вируспен зақымданудың бүкіл тізбегін өз бетінше талдауға баса назар аударылды.

«Windows-тегі оқиғаларға ден қою» тренингі оқиғаларды анықтау және оларға ден қою, вируспен зақымдалған құрылғыларды талдау, сондай-ақ әртүрлі шабуыл әдістерін түсіну, соның ішінде APT шабуылдарын* басқа қауіп-қатер түрлерінен ажырату тәсілдеріне арналған.

«Кибер қауіп-қатерлермен күресу бойынша мәселе туындаған кезде, мемлекеттік және жеке ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуі және қауіп-қатер туралы халықаралық деңгейде ақпарат алмасудың пысықталуы маңызды. «Касперский зертханасы» осы күрестің алдыңғы қатарында: ғаламдық телеметрия деректерінің арқасында біз жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуы туралы жедел ақпарат аламыз, оқиғаларға ден қою және олардың салдарын жою үшін шешімдер әзірлейміз. Біз ынтымақтастықтың күшіне сенеміз: кибер қауіп-қатерлер туралы есептерді жариялау, құқық қорғау органдары үшін тренингтер өткізу арқылы біз қауіпсіз цифрлық әлемге өз үлесімізді қосамыз», — деп «Касперский зертханасының» мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі вице-президенті Юлия Шлычкова түсініктеме берді.

««Касперский зертханасы» тренингтеріне қатысу біздің ұйымға мүше елдердің кибер қылмыстарды тергеу мүмкіндіктерін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Оқытудың арқасында біздің қызметкерлер кибер қауіп-қатерлерді талдау және ықтимал салдарды жою үшін қажетті дағдыларға ие болды. Біздің серіктестігіміз құқық қорғау органдары мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы да атап көрсетеді», — деп Интерполдың кибер қылмыспен күрес жөніндегі директоры Крейг Джонс түсініктеме берді.

«Касперский зертханасының» сарапшылары Интерполдың құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін 2019 жылдан бастап тренингтер өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде оннан астам тренинг өткізілді, оқыту 2024 жылы жалғасады.

«Касперский зертханасы» сараптамалық онлайн-тренингтері бүкіл әлем бойынша көптеген ұйымдар мен ғылыми институттар арасында танымал. Іске қосылған сәтінен бастап бұл тренингтерден 50 елдегі 2 мыңнан астам маман өтті. Онлайн-платформаға 10 тренинг кіреді, оның шеңберінде сарапшылар өз тәжірибелерімен, соның ішінде реверс-инжиниринг, қауіп-қатерлерді анықтау, оқиғаларға ден қою саласындағы озық тактикалар мен стратегиялар туралы білімдерімен бөліседі. Тренингтер білім алушылардың дайындығына байланысты деңгейлер бойынша бөлінген.

* АРТ шабуылы (Advanced Persistent Threat) — күрделілігі жоғары мақсатты ұзақ мерзімді шабуыл.

Другие новости

Back to top button