Кәсіпкер Шадиев Asia Credit Bank-ке 16 миллиард теңге залал келтіргені үшін сотталды
Банк саласындағы танымал қазақстандық кәсіпкер Орифжан Шадиев Asia Credit Bank-ке 16, 7 миллиард теңге залал келтіргені үшін бір жарым жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі журналист Михаил Козачковтың Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2019 жылдың 22 сәуірінде Орифжан Шадиев Asia Credit Bank-тің иесі Нұрбол Сұлтанмен банк акцияларын сатып алу туралы келісім жасасқан. Алайда ол үшін бес компанияның несиесін өтеу қажет болған. Шадиев қарыздық міндеттемелерді (16,7 млрд. теңге) өз мойнына алуға келісіп, акцияларды сатып алған.
Шадиевпен бірге оның көмекшісі Михаил Соловьев те сотталды. Қабылданған қарыз Алматы қаласындағы жеті жер учаскесін кепілге қою арқылы қамтамасыз етілген. Алайда 2021 жылдың қаңтарында Орифжан Шадиев көмекшісі Михаил Соловьевпен бірге кепілді өзгерткен.
«Қылмыстық жоспарға сәйкес, Шадиев пен Соловьев жоғарыда аталған жеті жер учаскесін банк кепілінен алып тастау туралы шешім қабылдайды. Олардың орнына өтімділігі төмен, банктің несиелік және кепіл саясатының талаптарына сәйкес келмейтін No2063А жер теліміне ауыстырған», — деді сот.
Asia Credit Bank лицензиясын жоғалтқаннан кейін тарату комиссиясы аталған құқық бұзушылықты анықтады.
Сот Орифжан Шадиевті банктің қиын қаржылық жағдайын біле тұра жалған құжаттар арқылы кепілзаттың нарықтық құнын негізсіз өсірген деп шешті. Осылайша, кәсіпкер мен оның көмекшісі банктің тарату комиссиясына 16,7 млрд теңге мүліктік залал келтірген.
Орифжан Шадиев пен Михаил Соловьев кінәсін жартылай мойындады. Кәсіпкер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 250-бабының 2-бөлігімен («Қаржы ұйымының, банктік және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкерінің өкілеттігін асыра пайдалануы») кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға, көмекшісі бір жылға бас бостандығынан айырылды.
«Шадиев қаржылық ұйымның басқару функцияларын жүзеге асыратын ірі қатысушысы бола отырып, өз өкілеттіктерін қаржы ұйымының заңды мүдделеріне қайшы келетін және өзі үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қолданып, қаржы ұйымына ірі көлемде залал келтірген», — деп қорытындылады сот.
Сондай-ақ сот сотталғандарды банкке келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.