«Жыныс мүшесін ұстаған»: Алматыда мәйіттерді зорлаған күзетші қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Алматыда мәйіттерді зорлаған күзетшіге қатысты сот үкім шығарды. Сот айыпталушыны “есі дұрыс емес” деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәйітхана күзетшісі бірнеше рет марқұмдардың денесін қорлады деп айыпталды. Оның мәйіттердің жыныс мүшесін ұстап, бұл әрекетін видеоға түсіргені анықталды.
Сот айыпталушыны “есі дұрысы емес” деп тапты. Осы себепті қылмыскер қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
“Қылмыстық кодекстің 16-бабының (Есі дұрыс еместік) негізінде Б.-ны 314-баптың 2-бөлігінің 1-тармағында (Өлгендердің мәйіттерін және олардың жерленген жерлерін қорлау) қылмыстық жауапкершіліктен босатып, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. 91 және 93-баптарға сәйкес сотталушыға мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылсын”, – деді судья.
Бұған дейін Алматыда мәйіттерді зорлады деп айыпталған күзетшінің ісі тоқтатылған еді.
Еске салсақ, Алматыда некрофилияға күдікті азаматтың ұсталғаны осы жылдың сәуір айының соңында белгілі болды. Бірнеше күннен кейін әділет министрлігі жағдайға түсініктеме беріп, күдіктінің сот сараптама орталығымен және оның аумақтық бөлімшелерімен еңбек қатынасы жоқ екенін мәлімдеді. Ведомство өкілі мәйітханада күзетшінің 2022 және 2023 жылдары тендерді жеңіп алған жеке компанияда жұмыс істегенін айтты.