Госорганы

Жылыжайлардағы электр энергиясы мен газ шығындарына субсидия бөлінбек

Жылыжай кешендерін салуға жұмсалатын шығындарды өтеу қаражатының сомасы өседі. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Фермерлерді ынталандыру бағытында тиімді қолдау ретінде инвестициялық субсидиялау қарастырылған. Оның аясында жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25 пайызын өтеу ескерілген. Нәтижелерді тездету үшін қазіргі кезде нормативті 30 пайызға дейін арттыру бойынша жұмыстар қамтылған», — деді Е. Қарашөкеев.

Бұдан басқа, жылыжайдағы көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштардың (органикалық дақылдарды қоспағанда), пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау, қияр және қызанақ тұқымдарына субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады.

«Бұл ретте, «Агробизнес» әмбебап бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына несие беру іске асырылады. Осы орайда мөлшерлеме субсидиялау есебінен 6 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар, бізде фермерлік жылыжайлар алаңының азаюы байқалып отыр. Кейінгі 3 жылда 62 гектарға азайды», — деді министр.

Бұл тұрғыда ол министрлік жылыжай шаруашылықтарына гектарлық субсидиялауды енгізу бойынша жұмысты іске асырып жатқанын айтты.

«Мәселен, маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газ шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарланған. Алайда, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау мақсатын ескере отырып, субсидия алуға өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы сияқты міндетті талап енгізілмек. Ол үшін Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген фермерлік жылыжайлар үшін Ұлттық стандартты (ҚР СТ 3834-2023) әзірледі және бекітті. Қазіргі кезде министрлік жергілікті атқарушы органдар қаулысымен бекітілген нормалары бойынша 1 гектарға жұмсалатын шығыстарды субсидиялауды ескеретін Субсидиялау қағидаларына тиісті өзгеріс әзірледі», — деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр маусымаралық кезеңде көкөніспен қамтамасыз етуде проблема бар екенін айтты. https://www.inform.kz/kz/biyl-elimizde-kartop-197-6-myn-gektar-alkapka-egildi_a4080512

Другие новости

Back to top button