Жетысуская область
Жылу қазандығындағы жарылыс: Жетісу облысының әкімдігі пікір білдірді
Қазіргі кезде дүмпудің нақты себебі анықталып жатыр
Бүгін, яғни 11 қаңтарда сағат 12:55-те Талдықорған қаласының Жетісу шағынауданындағы №1 жылыту қазандығы істен шықты. Аталған оқиғаға қатысты облыс әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әкімдіктің мәліметінше, жылыту қазандығында болған дүмпуден ғимараттың терезелері бүлінген.
Өрт тұтанбаған.
«Оқиға болған уақытта 1 қазандық жұмыс істеп тұрған. Мұнда жалпы 2 қазандық бар. Қазіргі уақытта резервтік қазандық іске қосылды. Қайғылы жағдай болған жоқ», — деп мәлімдеді Жетісу облысының әкімдігі.
Талдықорғанда ауа температурасы – 11 градус. Жылу жүйесі арқылы беріліп тұрған жылу +52 градусты көрсетіп тұр. Қалыпты жұмыс температурасы бір сағаттың ішінде қалпына келтіріледі деп отыр әкімдік өкілдері.
Осы қазандық арқылы 70 көпқабатты тұрғын үй, 112 жеке тұрғын үй, 97 басқа да нысандар және 8 бюджеттік нысан жылытылады.
Қазіргі кезде дүмпудің нақты себебі анықталып жатыр.