Госорганы

Жылдық инфляциядағы ақылы қызметтер үлесі ұлғайып келеді – Ұлттық банк

Жылдық инфляциядағы ақылы қызметтер үлесі ұлғайып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алты ай ішінде жылдық инфляция төмендеп келеді. Оның қазіргі деңгейі – 13,1 пайыз. Жылдық инфляциядағы азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын компоненттің үлесі азайып, ақылы қызметтер инфляциясының үлесі ұлғаюда. Жылдық инфляцияның төмендеуіне қарамастан, айлық инфляция шілдедегі 0,6 пайыздан 0,7 пайызға дейін жеделдеді. Айлық инфляцияның өсу қарқыны орташа мәндерден жоғары қалыптасып келеді», — деді ҰБ төрағасы.

Оның дерегінше, азық-түлік инфляциясы тамақ өнімдерін өндірушілердің және ауыл шаруышылығындағы бағаның төмендеуіне байланысты 12,4 пайызға дейін баяулады. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері маусымдық кезеңге байланысты арзандап келеді. Бірақ өткен жылдармен салыстырғанда төмен.

«Азық-түлікке жатпайтын инфляция тамызда 13,5 пайызды құрап, жылдық көрсеткіш баяулады. Алдыңғы айларда теңгенің нығаюына байланысты жеке пайдалануға арналған тауарлар, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек бағаларының өсімі баяулап жатыр. Жанар-жағармайдың сәуір айынан бастап шекті бөлшек саудадағы бағасының өсуіне байланысты оның азық-түлікке жатпайтын инфляциядағы үлесі ұлғаюда. Тамызда киім-кешек пен аяқ киім, тұрмыстық техника, автомобиль, газ бағасының айтарлықтай өскені тіркелді», — деді Тимур Сүлейменов.

ҰБ төрағасының айтуынша, Тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің өсуіне байланысты ақылы қызметтер инфляциясы жеделдей түсті. Тарифтер тамызда – 6,1, жылдық көрсеткіште 13,9 пайызға өсті.

«Сонымен қатар, халықтың тұрақты сұранысына байланысты реттелмейтін қызметтердің бағасы өсімін сақтап қалып отыр. Оның ішінде – қалалық автокөлікпен жол, ұялы байланыс қызметтері мен жалдау ақысы», — деді ол.

Осыған дейін Қазақстанда жаңа экспорттық-кредиттік агенттік құрылатыны хабарланды.

Другие новости

Back to top button