Жүрегі тоқтап қалған: Жезқазған перзентханасында тағы бір сәби жұмбақ жағдайда көз жұмды
Жезқазған перзентханасында тағы сәби өлімі тіркелді. Осыдан сегіз күн бұрын дүниеге келген бала екі күннен кейін белгісіз жағдайда көз жұмған. Қара жамылған Сүлейменовтер отбасы тұңғыштарының өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Анасы Меруерт Бесимованың сөзінше, перзенті туылғаннан кейін көзін ашып, жақсы тамақтанған. Ал нәрестесін дәрігерлер қарауға алып кеткенде жүрегі тоқтап қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро”бағдарламасына сілтеме жасап.
19 желтоқсан күні Жезқазған қаласының перзентханасына түскен Меруерт Бесимова 2,300 келі салмақтағы ұлын дүниеге әкеледі. Айтуынша, бала сау болып туылған. Тіпті үш күн бойы өзі емізіп, бауырына басқан екен. Ал 21 желтоқсан күні дәрігерлер салмақ қосу мақсатында өздері тамақтандырып, қарауға алып кеткен. Бірақ келесі күні Меруерт сәбиін тексеруге барғанда перзентінің дем ала алмай жатқанын көрген.
“Кешке қарай әйелім қоңырау шалды. Баланың жүрегі тоқтап қалды деп, емізуге барғанда дәрігермен кіргенде бетін ашса бала дем алмай жатыр деді. Дәрігерлер келіп аппарат қойып, реанимировать етпек болған. Содан кейін жарты сағаттан соң дәрігер баланың көз жұмғанын айтқан”, – деді сәбидің әкесі Есім Сүлейменов.
Ал перзентхана дәрігерлері Меруерт Бесимованың жүктілік кезеңі күрделі өткенін айтады. Және анасының созылмалы сырқаттары баланың жатыр ішінде дамуына қатты әсер етуі мүмкін деп түсіндіреді.
“3-ші күні баланың жағдайы орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілері мен сарғаю синдромына байланысты нашарлады, бала реанимацияға ауыстырылды. Жағдайы жүрек-өкпе жеткіліксіздігінен ауырлай түсті. Бала қолдан дем алу аппаратына қосылды, бірақ емдеу шаралары нәтиже бермеді. 2022 жылы 22 желтоқсанда қайтыс болды, өлімнің себебі церебральды лейкомаляция. 3 дәрежелі қарыншаішілік қан кету”, – деді «Жезқазған қаласының облыстық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ КМК неонатологиялық қызметінің басшысы Каукер Жақсыгелдинова.
Сәбидің ата- анасы прокуратура мен денсаулық сақтау министрлігіне түсірген шағымның жауабын күтеді.
Еске салайық, бұған дейін Жезқазған қаласында екі апта бұрын дүниеге келген сәби шетінеп кеткен еді. Ата-анасы балаларының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Себебі сәбидің жағдайы сүт қоспасын ішкен соң нашарлап кеткен.