Госорганы

«Жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді»: Смайылов биылғы астық жинаудағы проблемалар жайлы айтты

Өңірлердегі аптап ыстық жауын-шашынға ұласқан

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов биылғы астық жинаудағы мәселелер жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Егін орағы Үкіметтің тұрақты бақылауында. Өздеріңіз білетіндей, биыл еліміздің егіншілері үшін   қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен, егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Бүгінге егіс алқаптарының жартысынан аз көлемі жиналды. Қазір   егін орағының нағыз қызған шағы. Жұмыс қарқынын арттыра түсу қажет. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ», — деді Смайылов.

Премьер осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек екенін айтты.

«Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа-райының қолайсыздығына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Қаржы, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу жұмыстарын жүргізуі қажет. Биылғы азық-түліктік және жемдік астықты тікелей сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайту мәселесін пысықтау керек», — деді ол.

Смайылов атағандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік корпорациясы нан өндірісіне қажетті арзандатылған бидайды жеткізу кестелерін қайта қарауы тиіс.

Другие новости

Back to top button