Культура

«Жұлдызды жұптардың қатарын толтырамыз»: Нұрлан Әлімжанов өнердегі әріптесі Айкерім Қалаубаевамен не байланыстыратынын жасырмады

Отандық әнші, актер Нұрлан Әлімжанов өнердегі әріптесі, әнші биші Айкерім Қалаубаевамен не байланыстыратынын “1001 түн” бағдарламасында айтып берді. 

Халық үнемі қол ұстасып бірге жүретін өнерлі жұпты ғашықтарға теңеген.

«Екеумізге қатысты толығырақ ақпаратты кейінірек айтатын боламын. Оны ән арқылы, бейнебаян арқылы, болашақта түсірілетін кино арқылы түсінесіздер. Бізде қазір үлкен жоба басталды. Бұл той үшін жаза салатын әндер емес. Есті әндер, мән-мағынасы бар, халыққа рухани мұра болып қалатын дүниелерді жасап жатқан жайымыз бар. Енді осы жоба басталғалы ол тек менімен, мен онымен ғана дуэт айтатын боламыз. Сондай шешімге келдік. Бұған жоба ретінде қарап жатырмыз. Өнердегі жұлдызды жұптардың қатарын толтырамыз», – деді өнер иесі.


Сонымен бірге әнші мемлекеттік қызметке қайта баруға қатысты пікір білдірді. Алайда өнер иесі мемлекеттік мәдени басқармаларға басшылық жасауға ниетті емес екенін ашып айтты.

“Қызмет ұсынған сәттер болды. Ондай ой да болды. Болашақта не болатынын білмеймін. Бірақ дәл қазір менің жүрегім өнер деп соғып тұр. Ән жазып, киноларға түскім келеді. Адам жүрегі тыныштық табатын, өзі ләззат алатын дүниемен айналысқан дұрыс деп есептеймін. Менің миссиям – өнер. Болашақта көре жатармыз. Ант беріп, уәде беріп айта алмаймын. Өнер деген менің түсінігімде еркіндік, үлкен бақыт. Өйткені сен өз уақытыңа өзің қожасың. Қалаған уақытыңда тұрасың, қалаған уақытыңда ән айтасың, қалаған жеріңе барасың», – деді әнші.

Еске салайық, Нұрлан Әлімжанов Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалған еді.

Другие новости

Back to top button