«Жүк көлігінің астында қалып қойған»: Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесемін деп көз жұмған түркістандықтың жұбайы оқиғаның мән-жайын баяндады
Түркістан облысының тұрғыны Атырау облысындағы су тасқынан зардап шеккендерге көмектесемін деп көз жұмды. 37 жастағы Қайырбек Қоспанов 13 сәуірде апат аймағына көмек көрсетуге жолға шыққан. Жолда дөңгелегі платформадан тайып кеткен жүк көлігінің кабинасынан құлап, астында қалып қойған. Артында жеті бала мен жесір әйелі қалды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Сол күні күйеуім Созақтан келген еді. Сөйтіп, Атырау облысына көмекке баратынын айтты. Жұмыс істейтін мекемеден жақсы деген 5 жүргізушіні іріктеген екен. Соның бірі жолдасым. Мен ол жаққа баруына бірден қарсы болдым, іштей қаламадым. Бірақ жолдасым ел-жұртқа көмек керектігін айтып, баратынын жеткізді. Сөйтіп көліктерді тиеуге Шымкентке кетті”, – дейді Сара Әлібекова.
Келіншек қаралы хабарды ең соңынан естіген. Өз жұмысымен қалаға бара жатқан оны достары тоқтатып, жағдайды жеткізіпті. Содан есеңгіреген әйел жеті баламен жесір қалғанын айтады.
“Әлі күнге дейін сене алмаймын. Бәрі түсім сияқты. Біз он жеті жыл бұрын отасқан едік. Үлкен ұлымыз он алы жаста. Ең кішкентайым екі жарым жаста. Осыдан алты ай бұрын ғана сегізінші перзентімді жер қойнына тапсырғам. Енді міне жолдасымнан айрылдым”, – дейді марқұмның келіншегі.
Сара Әлібекова азаматынан, жеті бала әкесінен, ауыл тұрғындары жақсы адамнан айрылдық дейді. Көршілерінің сөзінше Қайырбек адал еңбегімен нәпақа тауып, ел-жұртқа қол ұшын беруге дайын тұратын азамат болған.
«Ол өз көлігін тиеп болғаннан кейін қасындағы жолдастарының машинасын тиеп жатқан. Сол кезде машинаның дөңгелегі платформадан тайып кетіпті. Бұл сол сәтте кабинадан түсіп кеткен де, астында қалып қойған. Жедел-жәрдем жетем дегенше Қайрош жан тапсырыпты”, – дейді ауыл тұрғыны Бақытжан Гусеинов.
Қапыда қаза тапқан Қайырбек Қоспановтың артында төрт ұл, үш қызы қалды. Өзі 10 жылдан бері жеке фирманың жүк көлігін айдаған.
Айта кетейік, 13 сәуірде Атырау облысындағы су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек беруге аттанғалы жатқан Қайырбек Қоспанов қайтыс болды.