ГлавноеЖетысуская область

Жетісу облысының полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованы жалаңаш күйінде бейнетаспаға түсіргендерін растады

Бұған дейін журналист өзін тергеу кезінде шешіндіріп, жалаңаш күйінде камераға түсіргенін жеткізген еді

Жетісу облысының полициясы журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қоғамда тараған резонансқа жауап берді. Бұған дейін журналист өзін жалаңаш күйінде камераға түсіргенін мәлімдеген еді. Полиция оны жоққа шығармады. Керісінше, тінту заңға сай жүргізілген деп отыр.

«БАҚ-та және әлеуметтік желілерде азамат Д. ұстау кезінде полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер орын алған туралы ақпарат таратылуда. 11 тамызда соттың санкциясымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында азамат Д-ға жеке тінту жүргізілгенін хабарлаймыз. Жеке тінту рәсімі тергеуші, криминалист және екі куәгердің қатысуымен (барлығы тiнтілген адаммен бір жынысты) Қылмыстық-процесік кодексінің талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылды.

Осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) қолдану міндетті және ҚПК-мен реттеледі», — делінген облыстық ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тінту барысында журналист Сандуғаш Дүйсеновадан тыйым салынған заттар табылмаған. Журналистің сөзінше, ол сотталған қылмыскердің жеке мәліметін таратқан.

Еске сала кетейік, осыған дейін журналист Сандуғаш Дүйсенова изоляторда қандай қорлық көргенін әлеуметтік желіде жазған болатын. Ол тергеу кезінде төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіне тура келгенін айтты.

Другие новости

Back to top button