Выбор редакцииЖетысуская область

Жетісу облысының білім басқармасы дүйім елді шулатқан оқушы қыздарды әлі таба алмай жатыр

Олардың бір қызды жабылып ұрған сәті желіге тарап кетті

Жетісу облыстық білім басқармасы көргенсіздігімен елді шулатқан оқушылардың қай мектепте оқитындарын да әлі анықтамаған. Жасөпірімді жұдырық пен тепкінің астына алған қыздардың кім екенін де білмейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Өздерінің ерсі қылық, әрі қатігез әрекеттерімен дүйім елді дүр сілкіндірген қыздардың көбі кәмелет жасына да толмаған. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, төбелеске қатысқан қыздардың қай мектепте екенін басшылар білмейді. Қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты арнайы комиссия құрылды.

«Арнайы комиссия құрылды. Қыздардың арасында кәмелеттік жасқа толғандары да, толмағандары да бар. Жасөпірімді ұрған қыздар да, Талдықорған қаласы мен Қаратал ауданында тұратын оқушылар. Олардың кім екенін және қай мектептерде білім алып жатқандарын әлі анықтаған жоқпыз. Анықтау, тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Күш қолданған қыздарды ары қарай оқыту-оқытпау мәселесі де қарастырылады. Олар оқитын мекемелерді де тексереміз. Олардың нешінші сыныпта оқитынын анықтау, іздестіру жұмысы полиция тарапынан жүргізіліп жатыр. Біз ол қыздарды тапқан жоқпыз, телефондары да сөндірулі. Балағат сөз айтып, видео түсірген қыздың ролигін көрдік», — деді Жетісу облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Басаров.

Білім басқармасы бейбастақ, әдепсіз қылықтарымен елді шулатқан жасөспірімдердің ерсі әрекеті сабақтан тыс уақытта болған дегенді көлденең тартып отыр. Қыздар жалдамалы пәтерде ішімдік ішіп, оқушыны жабылып ұрған әрекеттерін видеоға түсірген.

«Облыс әкімдігінде білім басқармасының, құқық қорғау органдарының, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Олар қыздардың оқитын оқу орындарының тәрбие жұмысына тексеру жүргізеді. Жәбірленген қызға барлық қажетті психологиялық көмек көрсетілуде», — деді Жетісу облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ал соққы жеген қыздың өкілі арыз жазудан бас тартқан. Оқиға 9 қаңтар күні Талдықорған қаласында болған.

Айта кетейік, кәмелетке толмаған қыздардың төбелесі желіге тарап кеткен болатын. Көп ұзамай осы мәселеге қатысты өңірлік Полиция департаменті ресми ақпарат таратқан. Дегенмен артынша жасөспірім қыздардың балағат сөздер айтып, ішімдік ішіп отырған сәтіәлеуметтік желіде жарияланды.

Другие новости

Back to top button