Жетісу облысында әкімдік Кемел Тоқаев бейнеленген медальдарды 1,4 млн теңгеге сатып алмақ
Қаратал ауданы әкімдігі жақын арада белгілі жазушы Кемел Тоқаев бейнеленген 200 медаль сатып алмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы ақпаратқа сүйенсек, жүлденің арнайы көк түсті қорапшасы болуы шарт. Ал медальдің өзіне келсек, оның алдыңғы жағында Кемел Тоқаевтың суреті, ал артында белгілі жазушының сөздері жазылуы тиіс екен.
Әкімдіктен медальдарды жасауға не себепті тапсырыс беріп жатқанын және оның бағасына қатысты сауалымызды қойдық.
“200 медальдің барлығы эксклюзивті дизайнға ие және жоғары сапалы металл қорытпасынан жасалып, арнайы алтын түсті бояумен жасалуы тиісті. Бір медальға 7000 теңгеге жуық қаражат жұмсалады”, – деді ведомствода.
Қаратал ауданы әкімдігінің мәліметінше, медальдар белгілі жазушының 100 жылдығына орай әзірленіп жатыр. Одан бөлек, 2 қыркүйек күні Үштөбе қаласында Кемел Тоқаевтың мерейтойына арналған үлкен іс-шара өтеді екен. Қазақ күресінен әлем кубогы мен бәйгеден халықаралық жарыс өткізіліп, ас беріледі. Сондай-ақ отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт жоспарланған.
Еске салсақ, Кемел Тоқаев — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі. Ол қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы ретінде белгілі.