Алматинская область

Жер комитеті атышулы Талғарда жер кімдерге беріліп кеткенін білмейді

Ulysmedia.kz тілшісі Талғар ауданында жер учаскелері кімдерге берілгенін жер ресурстарын басқару комитеті өкілдерінен сұраған. Комитеттен ОҚК алаңына үш өкіл келсе де, олар жарытып жауап бере алмады.

СҰРАҚ

Алматының шетіндегі Талғарда қанша жер мемлекетке қайтарылды? Айта аласыз ба? Ол жердегі жердің біразы кезінде Болат Назарбаевтың иелігінде болғаны туралы ақпараттар тараған. Жер кадастры сайтында мәліметтер 2018 жылдан бері жаңартылмаған. Сонда қайтарылған жерлер бірден басқа біреуге беріліп кеткен бе? – деп сұрады комитет өкілдерінен Ulysmedia.kz тілшісі.

ЖАРЫТҚАН ЖАУАП ЖОҚ

Брифинг барысында бүкіл Қазақстанда қанша жер қайтарылғанын айтқанымен Талғарға келгенде комитет өкілдері жарытып ештеңе алмады. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – жерді пайдалану және қорғау жөнінде бас мемлекеттік инспектор Мұрат Теміржанов ресми сауалды жазбаша түрде жолдауды өтінді. “Нақты Талғар ауданы бойынша ресми сауал жолдасаңыз, жазбаша жауап береміз” деді ол.

Не себепті нақты Талғар бойынша жауап жоқтығын портал тілшісі комитет басшысынан қайта сұраған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің жерді пайдалану мониторингі басқармасының басшысы Сағадат Дүйсенов Алматы облысында 2022 жылдан бастап 426 мың гектар жер қайтарылғанын айтты.

Алайда Талғар ауданы бойынша нақты айта алмаймыз. Сол себепті сізге жазбаша түрде ақпаратты ұсынсақ, – дейді ол.

ЖЕР ҮШІН СОТТАЛҒАНДАР 

2022 жылы Алматы облысына қарасты Талғар ауданының бірнеше шенеунігі әуежай маңындағы жерлерді заңсыз пайдалануға бергені үшін сотталған еді. Талғар ауданы Сәулет және құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы, жер қатынастары бөлімінің жетекшісі мен Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкіміне 2015-2020 жылдар аралығында аэропорт маңында орналасқан жерлерді мақсатсыз пайдалануға берді және сатты деген айып тағылған. Олардың әрқайсысына 5-6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

Шерзат Полаттың ісі қоғамдық резонанс туғызып жатқан кезде Талғар ауданында біршама жер заңсыз беріліп кеткенін де БАҚ жарыса жазған. ҚазТАГ Талғар өзенінің бойында 27 455 текше метр аумақта «балласт» жалпы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін жазған еді.

Другие новости

Back to top button