Спорт

Жеке шәкірті болмау керек: бокстан Қазақстан ерлер құрамасына жаңа бапкер тағайындалды

Қайрат Сатжанов бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy бокс федерациясының ресми ақпаратына сілтеме жасай отырып.

Қайрат Тұрсұнқанұлы Сатжанов — 54 жаста, Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт үздігі. Бапкерлік еңбек өтілі — 34 жыл. 2021-2022 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған. 2024 жылдан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері.

Сәтжановтың жетекшілігімен 2021 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында (Сербия) II командалық орын (2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль) алды.

2022 жылы Азия чемпионатында (Иордания) ІІ командалық орын (3 алтын, 6 күміс, 3 қола) еншілеген.

2024 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан командасы I командалық орын (5 алтын, 1 күміс, 3 қола) алды.

Қайрат Сатжанов жаттықтырушы ретінде 7 әлем чемпионын, 43 Азия чемпионын дайындаған.

Қазір жаңа жаттықтырушылар құрамы құрылуда, оның ішінде: шетелдік жаттықтырушы маман, жалпы дене даярлығы бойынша жаттықтырушы, сондай-ақ ғылыми топ мамандары шақырылады.

Сонымен қатар, бокс федерациясы хабарлағандай, бас жаттықтырушының жеке шәкірті болмайды деген талап еніп отыр.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасындағы нашар көрсеткіштен кейін күні кеше Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкерінен бастап түгел бір команда жұмыстан кеткен болатын. 

Другие новости

Back to top button